СҚО-да коронавирус жұқтырған 26 адамның жағдайы ауыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы инфекциялық стационарларда коронавирус жұқтырған 500-ге жуық адам ем алып жатыр. Олардың 26-сының жағдайы ауыр болса, біреуінің халі аса ауыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Аймановтың айтуынша, өңірде коронавируске байланысты дүрлігу жоқ, жағдай қалыпты. Инфекциялық стационарларда 1165 орын дайындалған, қазір онда 456 адам ем алып жатыр. Күнделікті 30-70 адам түссе, сонша адам тәуір болып шығады.

«Ем алып жатқандардың 26-сының жағдайы ауыр, тағы біреуінің халі аса ауыр, 8 адам өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған. Олардың барлығына тиісті деңгейде ем жүргізіліп жатыр. Қазір коронавируспен күресте медициналық қызметкерлердің тәжірибесі жеткілікті, олар оқу курстарынан өтті. Емдеу мекемелеріне жеткілікті деңгейде қондырғылар алынды. «СК-Фармация» тарапынан да мәселе жоқ, олар дәрі-дәрмекті дер кезінде жеткізіп отыр. Науқастардың 93,5% емделіп шығады. Бұл, республика бойынша жақсы көрсеткіш», - дейді Нұрлан Айманов.

Маманның айтуынша, коронавирустың жеңіл түрімен ауырғандар амбулаторлық ем алып жатыр. Ауру белгілері жоқ сырқаттар да үнемі мобильді топтардың бақылауында. Облыста осындай 98 мобильді топ болса, соның 42-сі Петропавлда жұмыс істейді.

«Бұрын көпшілік өздігінен емделіп, емдеу мекемелеріне бара бермейтін. Қазір тұрғындардың 90% ауырған жағдайда бірден дәрігерге көрінеді, медициналық қызметкерлер тарапынан да сақтық шаралары күшейтілген. Осыған байланысты ЖРВИ, пневмониямен ауырғандар көрсеткіші 11 айда 18-20% артты. Ауырған жағдайда халықтың бірден дәрігерге көрінуі – дұрыс, бұл КВИ-дің әрі қарай таралмауына, тізбекті тез арада үзуге мүмкіндік береді», - дейді СҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Айманов.

Дәрігердің айтуынша, СҚО-ның емдеу мекемелерінде бүгінде оттегі концентраторлары да, өкпені жасанды желдету аппараттары да, пульсоксиметрлер де жеткілікті. Жаңадан оттегі стансалары қосылды. Заманауи жарақтандырылған жаңа реанимобильдер алынды.

Жаңа модульді инфекциялық ауруханаға алтыншы компьютерлік томограф қойылды. Жақында тағы алты рентген-аппарат жеткізілмек.


Соңғы жаңалықтар