СҚО-да коронавирус жұқтырған 18 адамның жағдайы ауыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Үш апта «жасыл» аймақта болған Солтүстік Қазақстан облысы бүгіннен бастап қайта «сары» аймаққа өтті. Өткен тәулікте өңірде коронавирус жұқтырудың жаңа 25 жағдайы тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте коронавирус жұқтырудың 25 жағдайы тіркелсе, оның 20-сында ауру белгілері болған. Соның ішінде 8 сырқат Петропавлда, 4 – Есіл ауданында, үшеуден – Уәлиханов пен Айыртау аудандарында және 1-2-ден тағы бес ауданда тіркелді.

Облыста КВИ жұқтырғандардың ресми саны – 14267. Тәуір болғандар – 13 820.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен тәулікте 10 адам коронавирустан жазылып шықты. Қазір өңірдің емдеу мекемелерінде 910 орын болса, соның шамамен 25 %-ы , ал инфекциялық стационарлар 32 %-ға ғана толық. Ем алып жатқандардың 18-інің жағдайы ауыр, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Мамандардың айтуынша, коронавирусқа қарсы вакцина да жоспарлы түрде егіліп жатыр. Ақпан айынан бері 60 285 адам препараттың бірінші компонентін алды. Ал 20 437 тұрғын толық вакцинациядан өтті.


Соңғы жаңалықтар