СҚО-да коронавирус жұқтырған 175 баланы дәрігерлер бақылауға алған

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында өткен тәулікте коронавирус жұқтырған 15 бала анықталды. Қазіргі уақытта жағдайы орташа 12 бала стационарда ем алып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, індет басталғалы туғанына 28 күннен бастап 18 жасқа дейінгі 2,5 мыңға жуық бала коронавирус жұқтырған. Олардың 2 252-сі тәуір болды. Қазіргі уақытта 175 бала дәрігерлердің бақылауында. Сырқаттардың 163-і амбулаторлық жағдайда ем алып жатыр. КВИ жұқтырған 97 балада ауру белгілері болмаған.

СҚО балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьяловтың айтуынша, қазір 12 бала стационарда ем алып жатыр. Олардың жағдайы орташа.

«Коронавирустың екінші, үшінші толқыны бұл инфекцияның балалар үшін де аса қауіпті екенін көрсетті. Балалар да жұқтырып жатыр, олар да ауырады. Біздің облыстық балалар ауруханасында бір кездері COVID-пен ауырғандарға арналған орындарда 60-70 адамға дейін жатқан кездері болды», - дейді Олег Завьялов.

Ауруханада коронавирустан емделіп жатқан балалардың үшеуінің жасы 1 мен 3 аралығында. Жалпы ауырғандардың 35-і 5 жасқа дейінгі сәбилер. Маманның айтуынша, жұқтырғандардың ішінде жасөспірімдердің үлесі басым.

«Балаларға да вакцина егу қажет. Жасөспірімдер мен жүкті әйелдерді Pfizer вакцинасымен егу туралы айтар болсам, екпе тек ерікті түрде жүргізіледі, басқаша болуы мүмкін емес. Ол екі кезеңде жүзеге асады.

Кезінде шығыста «эбола» атты безгек өршіп кетті. Бұл дертті тек вакцинацияның көмегімен ғана жеңді. Ол вакцина Гамалей орталығында жасалды. Бұдан басқа доңыз тұмауы, құс тұмауы шықты. Олармен күресте де вакцинаның рөлі жоғары болды», - дейді Олег Завьялов.


Соңғы жаңалықтар