СҚО-да коронавирус статистикасын жасыру фактілері болды ма - Бас санитар жауабы

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында коронавирустың жаңа жағдайларын жасыру бойынша Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сын-ескертпесіне қатысты мамандар брифингте түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Коронавирус індетінің таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңесте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар өңірде коронавирустың жаңа жағдайларының жасырын күйінде қалғанын айтты.

Оның ішінде СҚО да бар. Бүгін осыған орай Петропавл қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бастығы Әсет Жұматаев өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде түсінік берді.

«СҚО-да коронвирус жұқтырудың 5107 жағдайы анықталды. 100 мың адамға көрсеткіш - 932,4. Республика бойынша орташа көрсеткіш – 647,5. Бұл - ел бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Яғни, өңірде ауруды анықтау деңгейі жоғары. Ия, ақпаратта қайшылықтар бар. Оның қазір неден болғанын анықтап жатырмыз. Облыста ауру жұқтырудың 300 жағдайы сырттан келгендерден анықталды. Оның ішінде басқа өңір тұрғындары да бар. Бірақ СҚО-да анықталғандықтан ортақ статистикаға кіреді. Осы статистикалық мәліметтерді өңдеуде қате кетуі мүмкін», - деді Әсет Жұматаев.

Еске сала кетейік, бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Жиында коронавирус өршіп тұрған өңірлерді тезірек «қызыл аймақтан» шығару жөнінде шешім қабылданды.

Сондай-ақ бүгін Петропавлдағы жаңа инфекциялық аурухана алғашқы сырқаттарды қабылдай бастағанын хабарлаған болатынбыз.
Соңғы жаңалықтар