СҚО-да көп рет пайдаланылатын маска шығарылуда

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында мақта- матадан тігілген көп реттік қорғаныш маскалары шығарыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы «Матех» кәсіпорны басқа да көптеген өндіріс ошақтары секілді карантиннің салдарын тартып жатыр.

«Көп реттік маскаларды екі қабат етіп тоқимыз. Бұйымның 95% мақтадан, 5% резеңке мен эластиктен тұрады. Бет пішінін ескеріп, дұрыс ұстауы үшін мұрын мен иектің астына резеңке өткіздік. Сапалы жасалған, киюге ыңғайлы», - дейді «Матех» ЖШС директоры Арамаис Тер-Аствацатурян.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, ЖШС жаңа желіні іске қосу үшін компьютермен басқарылатын жаңа 6 машина алды. Техника өзі тоқиды, тігеді, артық жіптерін қияды. Қозғалтқышы энергияны 70% дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал бұған дейін тәулік бойы шұлық тоқып келген станоктар қазір тоқтап тұр. Кәсіпорын карантин жағдайында тек 8 сағат қана жұмыс істей алады.

«Карантин уақытына шығаратын өнім түрін өзгертуге тура келді. Маскаларды қазір еліміздің басқа өңірлеріне де жеткізе аламыз. Жұмыс уақытын ұзартуға рұқсат берсе, тәулігіне 7 мың маскаға дейін тоқып шығара аламыз. Маскаларымыз көп реттік, яғни жуып, кептіріп, үтіктеп қайта киюге болады. Балаларға арналған маскалар да тоқимыз», - дейді кәсіпорын директоры.

Жалпы кәсіпкерлер өз сұрақтарымен облыстық кәсіпкерлер палатасына хабарласа алады. Мұнда аумақтық штаб жұмыс істейді. Мамандар карантин режіміндегі жұмыс тәртібін түсіндіреді, блок бекеттерден өту, салықтық жеңілдіктер, несие төлемдерін кейінге шегеру, еңбекақысы сақталмайтын демалысқа жіберілгендерге 42 500 теңге жәрдемақы төлеу бойынша түсінік береді.


Соңғы жаңалықтар