СҚО-да көп балалы аналар кәсіп ашуға ден қойды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында «Бастау» мемлекеттік бағдарламасы арқылы болашақ кәсіпкерлер оқуын аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл - «Бастау» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерген екінші топ. Жобаға Қызылжар ауданының тұрғындары қатысты. Бір ай білім алған 29 тыңдаушы енді өздерінің бизнес жобаларын қорғайды.null

Мариям Ақсаринаның 4 ұлы бар. Болашақ бизнесінде оған осы балалары көмектеспек.

«Менің жеке кәсіпкерлігім бар. Бұған дейін дүкен аштым, алайда ол ісім жүрмеді. Мемлекеттің жеке іс ашуға көмектесіп жатқанын естіп келдім. Осы жерде алған білімім маған болашақта көмектеседі. Енді қолымнан келетін нәрсемен, яғни бөдене құсын өсірумен айналысамын», - дейді Мариям.

Бескөл ауылының тұрғыны Мариям Ақсаринаның айтуынша, ол бұл кәсіпті таңдамас бұрын нарықты зерттеген. Қазір сөрелерде қаз, үйрек, тауық еті жеткілікті, ал бөдене еті мен жұмыртқасы ілуде бір кездеседі. Петропавлдағы сауда орталықтары диеталық өнімді көрші өңірлерден әкеледі екен.

«Бастау» бағдарламасымен білім алғандар 200 АЕК мөлшерінде грант ала алады. Мамандардың айтуынша, қазір «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған бағдарламасына өзгерістер енгізіліп жатыр. Нәтижесінде көп балалы аналарға бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін 505 мың теңге қайтарымсыз мемлекеттік грант беріледі. Бұдан басқа Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл көп балалы аналарға және мүгедек жандарға еліміз бойынша 5 мың микронесие үлестірілмек.null

«Алдыңғы екі лекте біз 680 солтүстікқазақстандықты оқытып шығардық. Олардың 550-інің бизнес-жобалары қолдау тауып, 100 АЕК мөлшерінде грант алатын болды. Бұл жаңа іс бастау үшін жақсы көмек. Сондай-ақ «Еңбек» бағдарламасы бойынша жыл басынан 73 несие берілді. Олардың 39-ы былтыр «Бастау» бойынша оқығандар», - дейді Кәсіпкерлер палатасының СҚО бойынша директоры Дархан Қалиев.

Жалпы биыл өңірде «Бастау» жобасы бойынша 990 адамды оқыту жоспарланған. Олар - өзін өзі жұмыспен қамтығандар және жұмыссыз жүрген тұрғындар.

Соңғы жаңалықтар