СҚО-да коммунистер аулаларды абаттандыру мәселесін көтерді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты реформалау тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, жергілікті атқарушы органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері өзекті мәселелерді талқыға салды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жиынды ұйымдастырушы – Қазақстан коммунистік халық партиясының СҚО филиалы. Іс-шараға партияның белсенділері, Петропавл қалалық әкімдігінің және үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстелде бас қосқандар шаһарды көгалдандыруға, жүргізіліп жатқан құрылысқа қатысты өз пікірін білдірді.

«Біз осындай дөңгелек үстелдердің бірнешеуін өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл - алғашқысы. Мақсатымыз – мәселе көтеру, оған биліктің назарын аудартып, бірлесе отырып шешу механизмдерін табу. Қай қалада болмасын тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жеткілікті, өйткені инфрақұрылым ескірген. Біз бұл кездесуде тек қана абаттандыруды сөз еттік», - дейді ҚКХП СҚОФ бірінші хатшысы Сергей Мартемьянов.

Партия өкілінің айтуынша, Петропавлда абаттандыру мәселесіне, әсіресе, биыл аса көңіл бөлінді. Жыл соңына дейін шаһарда жаңадан 90-ға жуық саябақ пен гүлзар пайдалануға берілмек.

Аулалар жөнге келтіріліп, асфальт төселіп жатыр. Тек биыл тұрғындарға көлік қоюға 45 автотұрақ жарақтандырылмақ. Бұл жұмыстың басым бөлігі атқарылды.

«Мен 2003-2011 жылдар аралығында Петропавл қалалық мәслихатында депутат болдым. Сол себепті халықтың мұң-мұқтажы маған жақсы таныс. Тұрғындар кездесулерде ауланы абаттандыруды сұрайтын, көлік қоятын орынның, балалар алаңдарының жоқтығын айтатын. Мұның бәрі біртіндеп шешіліп жатыр. Бірақ мәселені бірден шешу мүмкін емес. Бүгін қалалық әкімдіктің өкілі жиынға қатысып, тұрғындардың арыз-тілектерінен құрылған мәліметтер базасының бар екенін айтты. Сондай-ақ сайтқа кіріп қай ауланың қашан жөнделетінін білуге болады екен, бұл жақсы ғой», - дейді Сергей Мартемьянов.

Кездесуге қатысушылар өз ұсыныстарын да білдірді. Мәселен, үкіметтік емес ұйымдардың бірі – көгалдандыруды мекемелерге бөліп беру қажет деген пікірде.

Олар тал отырғызып қана қоймай, оны күтіп-баптауды да өздері атқаруы қажет.


Соңғы жаңалықтар