СҚО-да коммуналдық қызметтердің тарифі өзгерді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысында 1 қаңтардан бастап коммуналдық қызметтер тарифі арзандады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті реттелетін 19 қызметтің тарифі арзандағанын мәлімдеді. Оның арасында сумен қамту, суды ағызу, жылумен қамту қызметтері бар. Бұдан тыс, электр және газ жеткізу қызметтерінің бағасы да арзандаған.

«Жұртшылықтың арыз-шағымдарын қараудың нәтижесінде, екі монополист: «Қызылжар су» ЖШС және «Севказэнергосбыт» ЖШС-ға жоспардан тыс тексеріс жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде «Қызылжар су» ЖШС 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап реттелетін қызметтердің тарифін төмендетті», - дейді департамент басшысы Жандос Ермағамбетов.

Қаңтар айынан бастап солтүстікқазақстандықтар үшін сумен қамту қызметінің ақысы орташа 8,6%, ал су тарту қызметінің құны 2,7% арзандады.

Жылумен қамту саласындағы төлемдер тұрғындар үшін 1,1% арзандады. Алайда, заңды тұлғалар үшін тариф өзгеріссіз қалдырылды.

«Қалалықгаз Сервис» ЖШС сұйылтылған мұнай газын топтық резервуарлық қондырғылар арқылы бөлшек саудада өткізу қызметтерінің тарифін 1,6%, яғни 1 текше метрі үшін 522,26 теңгеден 514,08 теңгеге дейін азайтты.

«Севказэнергосбыт» ЖШС тариф мөлшерін тұрғындар үшін 9,3%, яғни 1 кВт/сағ құнын 13,59 теңгеден 12,32 теңгеге дейін арзандатты. Ал заңды тұлғалар үшін баға өзгеріссіз қалды.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының ақпаратына сүйенсек, қатты тұрмыстық қалдықтарды тасып шығару қызметі, лифт шаруашылығына қызмет көрсету құны 5% арзандаған.

Департамент өкілдерінің айтуынша, тарифтердің төмендеуінің нәтижесінде тұрғындардың жалпы 1,1 млрд теңге қаражаты үнемделетін көрінеді.

Авторы Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар