СҚО-да көмір жетіспеушілігі мәселесі шешілер емес

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көмір тапшылығынан ұзын-сонар кезек қалыптасты. Күнделікті жеткізіліп жатқан қара отын қажеттілікті жаппай отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да қыстың қамын жазда жасамағандар енді көмір ала алмай сергелдеңге түскен. Әлеуметтік желі қолданушылары тұйықтардың біріндегі жағдайды көрсетті. Жүк көліктерінің жүргізушілері таң атар-атпастан кезекке тұрады. Күнделікті келіп жатқан бірер вагонды он шақты машина қыл үстінен бөліп алып, қалғандары бос кетеді. Айтуларынша, күнделікті жағдай осы.

«Мынау жерге Шұбаркөл көмірін әкеледі. Бүгін 10 вагон жеткізілді. Тоннасы 14 800 теңге тұрады. Бір вагонның көмірін қазір екі Камаз артып әкетеді», - дейді Петропавл тұрғыны.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, облысқа жаңа жылыту маусымына 365 мың тонна көмір жеткізілген. Қазіргі уақытта тұрғындардың 94 %-ы көмірмен қамтылған.

«Өңірге көмір кешіктіріліп жеткізілді. Оған «Қазақстан теміржолы» АҚ жүк тасымалы себеп. Қазіргі уақытта мәселе шешілді. Көмір тиелген вагондар келіп жатыр. Кеше кешке қарай 14 вагон Майкөбе көмірі жеткізілді. Петропавл стансаларында тағы осынша Қаражыра көмірі тұр. Оның бесеуі тұйықтарда. Шұбаркөл көмірі алдағы екі күн бойы сатылады. Дүйсенбі тағы 10 вагон келеді деп күтіп отырмыз.

Көмір тапшылығы жоқ, өйткені ол күнде жеткізіліп жатыр. Ия, Шұбаркөл көмірі бір аптадай болған жоқ, бірақ ол мәселе қазір шешілді. Сондай-ақ Петропавлға Қызылжар, Есіл және Шал ақын аудандарының тұрғындары көмір алу үшін келеді. Өйткені бұл аудандарда тұйықтар жоқ», - дейді СҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бас маманы Айболат Әубәкіров.

СҚО-да көмірдің бағасы өзгерген жоқ. Қазіргі уақытта тоннасы 8 700 теңгеден 17 мың теңгеге дейін тұрады. Ал жеткізу бағасы соңғы күндері 7 мың теңгеден 9 мың теңгеге дейін өсіп кеткен.


Соңғы жаңалықтар