СҚО-да көмір бағасын қолдан көтеру фактілері анықталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Облыста елді мекендерге көмір жеткізушілердің кейбірі қызмет құнын негізсіз өсіріп жіберген. Осыған байланысты көмірді жақын маңдағы елді мекендерге тасымалдаумен айналысатын жүк көліктерінің тізімі жасалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көмір тасымалдаушылардың арасында бағаны өсіргендер анықталды. Мәселен, Қызылжар ауданына кезексіз көмірді жеткізуге 20 мың теңге алады. Осы орайда, Қызылжар, Есіл аудандарына тасымалдайтын автокөліктердің тізімін жасадық және 10-15 мың теңге аралығында бір бағаны бекіттік. Қазір тұйықтарда әкімдік берген тізімдегі көліктерге ғана көмір тиеліп жатыр», - деді СҚО әкімінің орынбасары Сәтжан Аблалиев.

Облыс әкімдігінің мәліметі бойынша, өңірдің көмірге қажеттілігі – 419 мың тонна. Бүгінгі күні оның 192 мың тоннасы әкелінді. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда биыл отын көлемі 11%-ға артық дайындалған. Алайда, көмірдің бір бөлігі шекара асып жатқаны белгілі болды.

«Шекара қызметімен және аумағында шекара бекеті бар аудан әкімдерімен бірге бұл мәселе қаралды. Шекара қызметінің мәліметінше, «Жаңажол» автомобиль өткізу пункті арқылы тамыз-қыркүйек айларында көмірді шекарадан өткізудің 150 дерегі тіркелген. Бұл – 3 100 тонна. «Бидайық» арқылы 93 факті анықталды. 1 700 тонна көмір шекарадан өткен. Осылайша, кейінгі екі айда 5 мың тоннаға жуық көмір көрші елге шығарылған. Біз көмірді шекарадан асыруға тыйым саламыз. Мұны әкімдер бақылауда ұстауы тиіс», - дейді СҚО әкімі Құмар Ақсақалов.


Соңғы жаңалықтар