СҚО-да колледж түлектерінің 81,5% мемлекеттік тапсырыспен даярланды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Биыл Солтүстік Қазақстан облысында колледж бітіретін 3293 түлектің 81,5 % мемлекеттік тапсырыс бойынша даярланды. Енді мамандарды жұмысқа орналастыру мәселесі туындап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО білім басқармасының мәліметінше, биыл колледждерді 3293 түлек бітіреді. Олардың 81,5 % – мемлекеттік тапсырыс бойынша мамандық меңгергендер. Алдын ала жүргізілген сауалнама олардың 60 % астамы жұмысқа орналасатынын көрсеткен. Десек те, жас мамандарды жұмысқа алуда әлі күнге шешімін таппаған мәселе жетерлік.

«Жұмыс берушілер жаңа бітірген маманнан тәжірибе болуын талап етеді. Ауыл шаруашылығында, қызмет көрсету, білім беру және медицина салаларында жас мамандардың еңбекақысының төмендігі – олардың жұмысқа орналаспауының бір себебі. Жұмыс берушілерді заңды түрде оқу орнының түлектерін жұмысқа алуға міндеттейтін норманың болмауы және жұмыс орындарының аздығы да колледж түлектеріне жұмысқа орналасуда қиындық тудырады», - дейді СҚО білім басқармасы басшысының орынбасары Владимир Ткаченко.

Айта кетсек, былтыр мемлекеттік тапсырыс бойынша колледж бітірген 2393 түлектің 68,5 % жұмысқа орналасқан. Қалғандары жоғары оқу орындарында білімдерін жалғастырған, әскерге кеткен, бала күтімімен отырғандар бар. Тек 105 адам ғана жұмыс таппаған.

«Былтыр колледж бітірген тауартанушылар мен фармацевт көмекшілері 100 % жұмысқа орналасқан. Құрылысшы-техниктердің 98 %, дәрігер көмекшісі-зертханашылардың 96 %, ветеринария санитарларының 81 %, техник-электриктердің 86 %, құрылыс жұмысының шебері мамандығы бойынша түлектердің 88 % жұмыс тапқан. Ал дизайнерлерге сұраныс төмен, тек 29 %-ы, тепловоз машинистінің көмекшісі - 42 %, бағдарламашы-техниктер - 44 %, жол инспекторлары – 40 % ғана қызметке орналасты. Ерекше оқу қажеттілігі бар 19 адам омарташы мамандығын алып шықты, олардың 16-сы жұмыспен қамтылды», - дейді Владимир Ткаченко.

Бұған дейін СҚО-да жастарға кәсіп ашуға 430 млн теңге грант берілетінін айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар