СҚО-да көлікті мас күйде басқарған 13 жүргізуші ұсталды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 8 күннің ішінде көлікті мас күйде басқарған 13 жүргізуші ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 8 күннің ішінде облыс жолдарында мас күйдегі 13 жүргізуші анықталды, оның 6-ы – Петропавл қаласы аумағында ұсталған.

Тәжірибе көрсеткендей, көлікті мас күйде басқарудың арты көп жағдайда қайғылы аяқталып жатады. Өрескел құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында тәртіп сақшылары үнемі профилактикалық іс-шаралар өткізіп тұрады.

6 желтоқсанда Айыртау ауданының орталығы Саумалкөлде «Mitsubishi Outlander» автокөлігі жанар-жағармай құю бекетіне тоқтамақ болып, бұрылыста рөлге ие бола алмай жолдан ұшып кеткен. Бұл жайында полицияға куәгерлер хабарлап, оқиға орнына батальон қызметкерлері келді. Жүргізуші зардап шекпеген, одан алкогольдің иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру ер адамның мас екендігін көрсетті.

Ал Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда полицейлер көлікті тоқтатқан. Оның 47 жастағы жүргізушісінің көлік құралын басқару құқығы жоғы анықталды. Оның жүргізуші куәлігінің мерзімі екі жыл бұрын өтіп кеткен. Жүргізушіге әкімшілік хаттама толтырылып, сот үкімімен 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

«Көлік басқару құқығынан айырылған 7 жүргізуші ұсталды. Заңнама талаптарын елемей, мас күйде көлік жүргізу тыйылмай отыр. Жыл басынан СҚО-да мас жүргізушілердің кінәсынен 25 жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 32 адам жарақат алды», - дейді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Соңғы жаңалықтар