СҚО-да қолданылған пластик бөтелкелерді өңдейтін зауыт іске қосылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - «Индустрияландырудың екінші бесжылдығы: Қазақстанда жасалған» атты жалпыұлттық телекөпір барысында Петропавлда елімізде баламасы жоқ зауыт іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпір барысында Қазақстанның 28 кәсіпорны салтанатты түрде жұмысын бастады. Олардың барлығы  Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығына енген жобалар. Солардың бірі - металлпластик өнімдерін шығаратын  «Радуга» серіктестігі.

Салтанатты түрде жұмысын бастаған кәсіпорын тұрмысқа қажетті пластик бұйымдарын жасайды. Зауыттың бір ерекшелігі, бұл жерде бұрын қолданылған пластик бөтелкелер, пакеттер мен басқа да қоқыс қайта өңделіп гранулаға айналдырылады. Осылайша кәсіпорын жылына 4 мың тонна қалдықты өңдемекші. Кейін пластик гранулалар шикізат ретінде өндірісте қайта пайдаға жаратылады. Яғни, бұл - күнделікті тұрмысқа қажетті пластик бұйымдарын жасаудың толық циклді жобасы. Жоба құны 894 млн теңге.  Кәсіпорын осылайша облыстағы экологиялық жағдайды жақсартып, «жасыл экономикаға» өз үлесін қосуда.

«Біз бұған дейін шетелден алып келген тауарларды өзімізде жасап, шығаруымыз керек. Бұл жайында Елбасы биылғы Жолдауында да айтты. Қарапайым заттардың экономикасы дегеніміз осы. Шара, шелек, басқа да пластмасса заттар - бұлар күнделікті тұрмыста қажет. Бағасы да қолжетімді және бәсекеге қабілетті. Сапасы да шетелдік өнімдерден кем емес. Біз бұл жұмысты болашақта да жалғастырамыз, жоспарларымыз бар», - дейді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Зауыт жылына 1680 тонна өнім шығаруға қауқарлы. Оның 80 пайызы Петропавл мен Қазақстанның өзге қалаларында саудаланса, 20 пайызы экспортқа негізделген.

 «Индустрияландыру картасының екінші бесжылдығы аясында 2015-2019 жылдар аралығында Солтүстік Қазақстан облысында жалпы соммасы  900 млрд теңгені құрайтын 44 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.  Картаға енген жобалар мемлекет тарапынан  жеңілдетілген несиелер алып, шығындарын субсидиялап, тағы басқа жеңілдіктерге ие болады. Есесіне тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып, экономикаға оң әсерін тигізеді»,-дейді СҚО индустриалды-инновациялық даму басқармасының жетекшісі Арман Оразғұлов.

Жалпы, 2015-2017 жылдар аралығында СҚО 16,3 млрд теңгенің 27 жобасы жүзеге асты. Нәтижесінде, 2,5 мың жұмыс орны құрылмақ.   

Соңғы жаңалықтар