СҚО-да қолдан жасалған диагностикалық карталар табылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО аумағында қолдан жасалған диагностикалық карталар табылды. Облыстық көліктік бақылау инспекциясы мамандары жүргізген рейд барысында еш жерде тіркелмеген 3 карта тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Кәсіпкерлер палатасында автокөлікті техникалық байқаудан өткізу мәселелеріне қатысты жиын өтті. Оған мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, облыстық ақпараттық технологиялар орталығының өкілдері және техникалық байқау операторларының жетекшілері мен өкілдері қатысты.

Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, СҚО-да қазіргі уақытта техникалық байқау қызметін 33 оператор көрсетеді. Жартысына жуығы Петропавл қаласында жұмыс істейді. Жалпы, 44 желі болса, соның 7-еуі - мобильді.

«Былтыр 109 мыңнан астам автокөлік міндетті техникалық байқаудан өтуі тиіс болса, соның 93 мыңға жуығы тексерістен өтті. Барлық тексерілген көліктердің 15,3% талаптарға сай болмай, байқаудан өте алмады»,- дейді СҚО көлікті бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Андрей Марков.

2018 жылы кәсіпкерлер тарапынан да 1,5 мыңға жуық бұзушылық анықталған. Көп жағдайда олар техникалық байқаудан өткені туралы мәліметті ақпараттық жүйеге енгізгенде қате жібереді екен. Көлікті бақылау инспекциясы мамандарының айтуынша, былтыр техникалық байқау операторларына 14 тексеріс: 8-і жоспардан тыс, 6 ішінара жүргізілген. Нәтижесінде заң талаптарын сақтамаудың 10 дерегі анықталды. Олар: диагностикалық карталардың берілмеуі, техникалық байқау өткізу барысында түсірілген бейнефайлдердің сақталмауы және орталық қызметкерлері біліктілігінің сәйкессіздігі.

Қазіргі уақытта облыс және республикалық маңызы бар жолдарда қолдан жасалған диагностикалық карталарды анықтау мақсатында рейдтер жүріп жатыр. Жыл басынан осындай 3 карта табылған. Олар «Техосмотр» бірыңғай ақпараттық жүйеде тіркелмеген екен.

Соңғы жаңалықтар