СҚО-да көктемгі су тасқынына әзірлік пысықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Көктем 2020» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығу аясында арнайы қызметтердің көктемгі су тасқынына дайындығы тексерілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, практикалық іс-шаралар кешені Кызылжар ауданы Бескөл ауылының маңында өтті. Оған іс-шараға жауапты облыс әкімінің орынбасары Антон Федяев және ТЖД бастығы Рамиль Камалов қатысты.

Қар молынан жауған жылы Бескөлдегі көл мен старицаның суы ернеуінен асып, Береговая көшесіндегі үйлерді су басу қаупі туады. Сол себепті оқу-жаттығу осы аумақта өтті. Құтқарушылар мен өрт сөндірушілер, жергілікті атқарушы органдар, азаматтық қорғау қызметтері су басқан тұрғын үйлерден адамдарды эвакуациялау, мұз астына түсіп кеткен адамды құтқару, өзендегі сең кептелісінде мұзды жару, су тасқыны салдарынан электр желілеріндегі апатты жою бойынша операцияларды пысықтады.

«Біз Қызылжар ауданында бар инженерлік техника мен су сорғыш құрылғыларды іске қосып тексеріп жатырмыз. Ерекше назарға алынған учаскелерден қарды шығарып, бөгеттерді бекітеміз. Әдетте Қарағанды және Ақмола облыстары Есіл өзеніне көп мөлшерде су босатады. Қазіргі таңда Сергеев су қоймасы маңындағы 18 елді мекен басты назарға алынды», - дейді ТЖД бастығы Рамиль Камалов.

Су тасқынына қарсы іс-шараларға Ұлттық ұланың 6637 әскери бөлімінің жеке құрамы ат салысты. Сарбаздар құм салынған қаптар дайындап, бөгеттерді нығайтты. Техникамен қар тиеліп, шығарылды. Ал Бескөл ауылының № 13 өрт сөндіру бөлімінің мамандары жеке үйдегі шартты өртті сөндіріп, адам құтқарды.

Оқу-жаттығу барысында эвакуацияланушыларды орналастыру, оның ішінде тамақтану, медициналық көмек көрсету, қоғамдық тәртіпті сақтауды қамтамасыз ету мәселелері ескерілді. Жалпы оқу жаттығуға жеке құрамнан 140 адам және 40 техника жұмылдырылды.

СҚО-да биыл 92 елді мекен мен Петропавлдың шеткі аумағындағы 250-ге жуық үйді көктемгі су тасқыны кезінде су басуы мүмкін.


Соңғы жаңалықтар