СҚО-да көктемгі егіс бір апта кеш басталуы мүмкін

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемнің кеш келуіне байланысты дала жұмыстары бір апта кеш басталуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы шаруашылықтардың бірінің жетекшісі Жомарт Омаровтың айтуынша, диқандар үшін әр көктем өз ерекшелігімен келеді. Мәселен былтыр 5 сәуірде алқаптарда қар болмай, 17 сәуір ылғал жабу жұмыстарын бастап кеткен.

«Былтыр көктем ерте шықты. Сәуір айының соңында ауа температурасы +28 градусқа дейін көтерілді. Биыл көктем кеш шығып жатыр. Алқаптарда қар көбесі әлі сөгілген жоқ. Қыста қар тоқтатқан жерлерде қардың биіктігі әлі күнге 70-80 см-ге жетеді», - дейді «Токуши Grain» ЖШС директоры Жомарт Омаров.

Өткен жазда қуаңшылық болғандықтан, тәжірибелі диқан биыл қаңтар айының соңы мен ақпан айының басында қар тоқтату жұмыстарын жүргізген. Ақпан-наурыз бой қар жауып, боран тұрып, жауын-шашын жылдағы нормадан артығымен жауды. Жердің ылғал қорының жоғары болуы – бұл биылғы көктемнің тағы бір ерекшелігі.

«Ылғалдың мол болғаны жақсы, қар кетіп, жер кебісімен-ақ техника ылғал жабу жұмыстарына кіріседі. Трактор, қажетті керек-жарақтарымызды сайлап жатырмыз. Пандемия салдарын тигізбей қоймады. Қосалқы бөлшектер орта есеппен 15-20 %-ке қымбаттап кетті. Көктемгі егісті жүргізуге қажет дизель отынына Үкімет бекітілген бағаны қойды. Литрі 172 теңге, нарықтағы бағадан 15-20 теңгеге арзан. Бұл да болса көмек», - дейді Жомарт Омаров.

Шаруашылықтың 7 мың га жері бар. Бидай, арпа, сұлы, зығыр және жасымық егеді. Былтыр қуаңшылыққа қарамастан жақсы өнім алды.

«Тыңайтқыш алып жатырмыз. Жазда алқаптарда арамшөпке қарсы іс-шаралар жүргізіледі. Жердің ырзығын көру үшін жұмыс істеу керек. Сонда ғана нәтиже болады. Менің пікірімше, биыл көктемгі егіс бір аптаға кешеуілдеуі мүмкін. Қазір бәрі ауа райына байланысты. Жалпы бидайдың шығуына үш жағдай керек: жылы топырақ, ылғал және күн сәулесі. Егер күн күрт ыситын болса, мерзімінде, мамыр айының ортасында көктемгі егісті бастауымыз мүмкін», - дейді шаруашылық директоры Жомарт Омаров.


Соңғы жаңалықтар