СҚО-да көктем екі аптаға ерте басталды – синоптик

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биыл күн ерте жылынып, көктем шамамен екі аптаға ерте келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО әкімдігінде көктемгі су тасқынына қатысты өткен жиында «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалимова өңірдің гидрометеорологиялық жағдайына тоқталды.

«Өңірдегі қар жабындысы 16-23 наурыз аралығында 17 % азайған. Тайынша, Уәлиханов, Ақжар аудандарында қар шамалы ғана қалған.

Жалпы биыл наурыз айы жылдағыға қарағанда жылы. Осыған байланысты қар қарқынды еріп, сай-сала суға толды. Ғ.Мүсірепов, Тайынша, Ақжар, Тимирязев ауданында жер қабаты 20-33 см еріді. Бұл жылдағы нормадан 10-15 күнге ерте», - дейді Қымбат Мерғалимова.

Сергеев су қоймасына құятын салалардағы су қоры жылдағы көрсеткіштен 2,4 есе артық. Мамандардың айтуынша, облыстың өзендеріндегі су деңгейі кей жерлерде тәулігіне 5 см дейін көтеріліп келеді.

Десек те, Есіл өзенінде мұздың қалыңдығы 50-98 см болса, шағын өзендерде 34-90 см аралығында.

«29-31 наурыз аралығында облысқа төмен қысым әсер етеді. Ауа-райы тұрақсыз болады. 29 наурыз облыстың кей аудандарында жаңбыр жауады. Батысы мен солтүстігінде көктайғақ болады. Жел тұрып түнде екпіні секундына 15-20 метр, күндіз 25 метрге дейін жетпек. Ауа температурасы түнде -5, кей жерлерде -10 градусқа дейін суытпақ», - дейді Қымбат Мерғалимова.

Синоптиктің айтуынша, сәуірдің келуімен қайта күн жылынады. Айдың алғашқы күндері сынап бағанасы +14 градусқа дейін көрсетпек.


Соңғы жаңалықтар