СҚО-да көктайғақтан жеңіл көлік аударылып, бір адам зардап шекті
2021 жылғы 3 желтоқсан 22:35

СҚО-да көктайғақтан жеңіл көлік аударылып, бір адам зардап шекті

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктайғақ салдарынан екі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, бір адам зардап шекті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, М.Жұмабаев ауданында УАЗ автомашинасының 63 жастағы жүргізушісі рөлге ие бола алмай, аударылып қалды. Салдарынан көліктегі 46 жастағы жолаушысы зардап шекті. Ал, Мамлют ауданында Лада көлігі жол шетіндегі жыраға түсіп кеткен. Жүргізушілердің айтуынша, қолайсыз ауа райы, яғни көктайғақ жол-көлік оқиғаларына себеп болған.

Полицейлер барлық жол қозғалысына қатысушыларды жол жүрісі ережелерін қатаң сақтап, жолда абай болуға шақырады. Сондай-ақ, 1 желтоқсаннан бастап шиналарын жазғыдан қысқыға ауыстырмағандарға қатысты әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске салады. Техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіндерге 5 АЕК мөлшерінде айыппұл қарастырылған.

«Ауа райының күрт өзгеруі жолдағылардың барлығын алаңдатуы тиіс. Жол ережелерін қатаң сақтап, қырағылық танытып, жолдарда мұқият болғанда ғана, барам деген жерге аман-есен жетуге болады. Барлық жүргізушіні жылдамдық режимін сақтауды, боран-аязды күндері елді мекеннен алысқа кетпеуін сұраймыз», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT