СҚО-да Көкшетау тұрғынынан 4 келі есірткі тәркіленді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында есірткі қылмысына қатысы бар деген күдікпен Көкшетау қаласының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 29 жастағы Көкшетау тұрғыны бірер ай бұрын жедел уәкілдердің назарына ілігеді. Есірткі қылмысына қарсы күрес бөлімшесі қызметкерлерінің жедел іс-шаралары нәтижесінде оның ізіне түсуге, «іскер» қала тұрғынының уақытша тұрғылықты жерін анықтауға мүмкін болды. Күдікті соңғы үш айда Ғ.Мүсірепов атындағы аудан орталығы Новоишимское ауылында тұрған. Үйден полицейлер сөмке, спорттық сөмке мен өсімдік заттары салынған рюкзак, темекі шегуге арналған пластикалық құрал тапты. Сондай-ақ, ұсталған адамның көлігінен және гараждан алдын ала оралған есірткі заттары тәркіленді.

«Сот-химиялық тергеу қорытындысына сәйкес, алынған заттар салмағы 4 келіден асатын кептірілген марихуана және жалпы салмағы 242 грамм гашиш болып табылады. Бұл өте ірі көлем болып саналады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», - дейді СҚО ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының міндетін атқарушы Иван Терзиди.

Жыл басынан бері полицейлер Солтүстік Қазақстан облысында 159 есірткі қылмысын анықтады. 307 келіден астам түрлі есірткі заттары тәркіленді, оның ішінде 4 келіден астамы синтетикалық есірткі бар. СҚО ПД есірткі заттарының таралуына қатысты кез-келген фактіні хабарлауға болатын 8 7152 39-41-93 - сенім телефонын еске салады. Сондай-ақ, WhatsApp-та 8-707-500-96-65 нөмірі бойынша «қауырт желі» іске қосылған.


Соңғы жаңалықтар