СҚО-да қоғамдық көлік жүргізушілері 4 күнде 400-ден астам заң бұзушылық жасаған

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасының төрт күнінде полицейлер қоғамдық көлік жүргізушілеріне қатысты 400-ден астам заң бұзушылықты анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 5 желтоқсаннан бастап Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Көлік комитетінің аумақтық инспекциясы, қоғам өкілдері және тәртіп сақшыларымен бірлесіп, «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр. Мақсат – жол қауіпсіздігі деңгейін арттыру, жолаушылар мен жүк тасымалдауды реттеу, жолаушылар көлігінде апаттылықты төмендету, мектеп оқушыларын тасымалдауды ұйымдастыруда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Осындай рейд барысында полицейлер 7 желтоқсанға қараған түні Жамбыл ауданында такси белгісі бар «Skoda» автокөлігін тексеру үшін тоқтатқан. Жүргізушіден алкоголь иісі шығып тұрған. Медициналық куәландыру оның мас екендігін көрсетті. 43 жастағы ер адам 15 тәулікке қамауға алынды, сондай-ақ ол 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды.

Жалпы, жедел-профилактикалық іс-шара өткізілген 4 күннің ішінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің жол ережесін бұзуға қатысты 423 факті тіркелді.

«Жолаушылар тасымалындағы қауіпсіздік – көлік құралының техникалық жағдайына қарау, жүргізушілердің еңбек және демалыс режимдерін сақтауы және де ең бастысы, жол жүрісі ережесін сақтау. Маневр жасау ережесін бұзу мен рөлде келе жатып телефон қолдану сияқты заң бұзушылықтар жиі кездеседі, осындай 104 және 49 жағдай анықталды. Сонымен қатар, техникалық тексерістен өтпеген көлік құралын басқарғаны үшін 28, көлікті заңсыз қайта жабдықтағаны үшін 7 жүргізуші жауапқа тартылды. Бір автобусты пайдалануға тыйым салынды. Автобус паркінің 2 лауазымды тұлғасы жауапқа тартылды», - дейді СҚО Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.


Соңғы жаңалықтар