СҚО-да Қоғамдық бақылау картасына жыл басынан бері 85 хабарлама түсті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - СҚО-да соңғы төрт айдың ішінде Қоғамдық бақылау картасына тұрғындардан 85 хабарлама түскен, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

СҚО Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мамандарының мәліметінше, телефон нөміріне түскен хабарламалардың 57-сі қала, қалғаны аудан тұрғындарынан.

Өтініштердің басым бөлігі - 30-ы тұрғын үй пәтер иелері кооперативтерінің жұмысына қатысты. Сондай-ақ тұрғындар көбіне денсаулық сақтау саласы (8) бойынша, білім беруге (6) қатысты көмекке жүгінеді екен. Бұдан басқа тұрғындардан тұтынушылардың құқығын қорғау, әлеуметтік сала, еңбек қатынастары, азаматтық-құқықтық қатынастар, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, мемлекеттік қызметкерлердің этикасына байланысты хабарламалар түскен. Барлық өтініштерге тиісті түсініктемелер берілді.

«Қыс уақытында тұрғындар қала көшелерін қардан тазалау бойынша көп хабарласты. Коммуналдық қызметтер ол учаскелерде бірінше кезекте жұмыс атқарды. Тимирязев ауданындағы Белоградовка елдімекенінің тұрғыны пайдаланған су үшін түбіртек берілмейтінін және қыс уақытында судың дұрыс ақпайтынын айтып арызданды. Бұл мәселе де шешімін тапты. Коммуналдық қызмет жұмысы ретке келтіріліп, қазіргі уақытта су торабында жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді СҚО Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің бас маманы Ольга Брюнина.

Мамандардың айтуынша, бір жыл бұрын іске қосылған жобаның мақсаты тұрғындарда белсенді азаматтық ұстаным қалыптастыру және мемлекеттік қызметкерлерге деген сенімін арттыру.

Соңғы жаңалықтар