СҚО-да қоғам белсенділері жолға бөлінген қаражаттың игерілуін қадағаламақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында қоғам белсенділері 600 млн теңге бөлінген «Благовещенка-Қайранкөл» тас жолының құрылысын бақылауға алмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Өңірлік коммуникация қызметінің алаңында «Бизнесті және инвестицияларды қорғау», «Саналы ұрпақ», «Адал жол» және Арнайы мониторингтік топтар сияқты жобаларды біріктірген «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметінің нәтижелері бойынша қорытынды шығарылды.

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысының мәліметінше, 9 ай ішінде жобалық кеңсеге 250-ден астам азамат көмекке жүгініп, облыс орталығы мен аудандарда 1000-нан астам іс-шара өткізілген. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшылығы өңірдің Қызылжар, Есіл, М.Жұмабаев, Жамбыл, Уәлиханов және Ақжар аудандарын аралады.

«Мәселен, Жамбыл ауданына жасаған сапарда фермерлер мемлекеттік субсидия алу мәселесін көтерді. Ақпараттық жүйенің дұрыс жасалмағандығынан шаруалар өтінім бере алмай отыр. Сервисте олардың егістік алқаптарының бар-жоғын растауға мүмкіндік беретін фермерлік шаруашылық басшысының немесе оның мүшелерінің ЖСН енгізу опциясы қарастырылмаған», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департамент басшысы Ернар Баянғазин.

Жобалық кеңсе анықтаған мәселе республикалық көлемде бақылауға алынды. Жүйеде анықталған олқылықтарды Ауыл шаруашылығы министрлігі қараша айының соңына дейін жоятын болады.

Сонымен қатар, Департаменттің «Сапалы жол» жобасы шеңберінде атқарылған жұмысы атап өтілді. Өңірдегі автомобиль жолдарына Жол активтерінің ұлттық орталығы филиалының өкілдері, Арнайы мониторингтік топ мүшелері және жұртшылық тұрақты негізде бақылау жүргізеді.

«Осы аптада «Благовещенка-Қайранкөл» тас жолына шығу жоспарланған. Жөндеу жұмыстарына 600 млн теңге бөлінген. Мұнда жұмыстар әлі аяқталмаған. Қазірдің өзінде тұрғындар «жол жарамсыз» деп дабыл қағуда. Департамент жұмысында ең алдымен жазалау шараларын жүзеге асыруға емес, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алуға баса назар аударылады», - деді Баянғазин.

Естеріңізге сала кетейік, «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі 2018 жылдың 24 желтоқсанында ашылды.

Соңғы жаңалықтар