СҚО-да кейінгі екі жылда 48 мыңға жуық баланың құқығы қорғалды

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында прокуратура органдарының араласуымен кейінгі екі жылда 48 мыңға жуық кәмелет жасына толмаған баланың құқығы қорғалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО прокуратурасының мәліметінше, балалардың құқықтарын қорғау прокуратура органдары қызметінің басым бағыттарының бірі және тұрақты бақылауға алынған. Кейінгі екі жылда 47 807 баланың құқығы қорғалды.

Мәселен, былтыр Петропавл қаласының прокуратурасы жалпы білім беретін мекемелердің қызметіне талдау жүргізіп, нәтижесінде сабақ арасындағы үзілістердің негізсіз қысқартылғанын, осылайша оқушылардың құқығы бұзылғанын анықтаған.

Қадағалау органының актісі бойынша сабақтар арасындағы үзілістердің ұзақтығы заңнама талаптарына сәйкестендірілді, 14 мыңнан астам баланың құқығы қорғалды.

Биыл облыс прокуратурасы қыс мезгілінде Петропавлдағы жалпы білім беретін бірнеше мектепте температура режимінің сақталмауын анықтап, тиісті талаптың орындалуына мұрындық болды.

Кәмелетке толмаған балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген борышкерлерден қадағалау шараларымен 32,5 млн теңге алимент өндіріліп алынды.

Соңғы 2 жылда өкілетті мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру нәтижесінде алимент бойынша жалпы борыш сомасы 1,1 млрд теңгеден 175,4 млн теңгеге дейін азайды.

Бұған дейін СҚО-да алимент төлеуден қашқан 31 адамның қамауға алынғанын айтқан едік.


Соңғы жаңалықтар