СҚО-да кейбір елді мекендерді су басуы мүмкін - синоптиктер

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының синоптиктері ылғалдың мөлшерін бақылау деректері арқылы жасалған гидрологиялық болжамдарын жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК филиалының ақпаратына сүйенсек, жиналған ылғал мөлшерін, тоңның қалыңдығын, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарының су қоймаларындағы су деңгейін талдау нәтижелері көктем ерте шықса өңірдегі елді мекендер, өнеркәсіп және инфрақұрылым нысандары су астында қалуы мүмкіндігін көрсетеді.

«Биыл қыста қар қалың болды. Біздің облыста жазықтағы өзендердің алабына жиналған ылғал мөлшері нормадан 20-70% артық. Наурыз айы келді, бірақ қар тоқтаған жоқ. Наурыз-сәуір айларында жауын-шашынның айлық мөлшері бір тәулікте жаууы да мүмкін. Наурыз айының ауа райы болжамына сәйкес, облыс аумағының басым бөлігінде ауа температурасы мен жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан жоғары болуы ықтимал», - дейді филиал басшысының орынбасары Наталья Левина.

Синоптиктердің айтуынша, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан облыстарындағы өзендердің алабында күздігүні топырақтың ылғалдануы нормадан 50-90% асты. Сондықтан тоң бір айда орташа 15 сантиметрге қалыңдап, 1,5 метрге дейін жетті.

Мамандардың айтуынша, бұл судың топыраққа сіңуіне кедергі жасап, өзендердің арнасынан тасуына себеп болады.

Н. Левина наурыз-сәуір айларында циклондар мен антициклондар жиі алмасып отыруы және оңтүстіктен келетін жылы ауа мен солтүстіктен келетін суық ауа массалары ауа райын күрт өзгертетінін айтады.


Олеся Жуковень

Соңғы жаңалықтар