СҚО-да кей жолдардың сапасыз материалдардан салынғаны анықталды
2022 жылғы 21 маусым 11:18

СҚО-да кей жолдардың сапасыз материалдардан салынғаны анықталды

ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында тексеруге алынған жол-құрылыс материалдары сынамасының әр үшіншісі талапқа сай болмай шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жол активтері ұлттық сапа орталығы СҚО бойынша филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, жыл басынан бері мамандар республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына 185 инспекциялық тексеріс жүргізді. Мақсат – жолдарды күтіп ұстауда атқарылған жұмыстың және қолданылған материалдың сапасын сараптамадан өткізу.

«Инспекциялық тексерістің нәтижесінде 191 кемшілік, талаптан ауытқу анықталды. Ескертулердің басым бөлігі республикалық жолдарды қысқы және көктемгі-жазғы уақытта күтіп ұстауға қатысты. Жұмыс сапасыз атқарылған. Жол-құрылыс маусымы басталысымен жөндеу нысандарында жұмыс сапасына ішінара сараптама жүргізілді. Нәтижесінде асфальтбетонның біркелкі төселмегені, жаңа жолда ойықтардың пайда болуы, сапасыз нығыздалуы секілді бірқатар олқылықтар анықталды», - дейді Жол активтері ұлттық сапа орталығы СҚО филиалының директоры Жолдыбай Тентеков.

Кемшіліктер анықталған жағдайда тапсырыс берушілерге оны жою жөнінде ұйғарым жіберіледі.

«Жол салуға қолданылатын материалдардың сапасын да тексереміз. Жыл басынан бері 282 жол-құрылыс материалының сынамасын алдық. Соның 254-і бүгінде тексеріліп, 78-і құқықтық-техникалық құжаттардың нормаларына сәйкес болмай шықты. Ол сынамалар негізінен ауылдық округтерде ауылішілік көше жолдарынан және аудандық маңызы бар автожолдардан алынды», - дейді Жолдыбай Тентеков.


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT