СҚО-да келушіні тексермеген 50 шақты кәсіпорын Ashyq жобасынан шеттетілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Ashyq жобасына 1 175 кәсіпорын қосылған. Олардың 48-і тиісті талаптарды орындамағандықтан екі аптаға шеттетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлік палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, әр екі апта сайын өңірде Ashyq жобасының үздіктері анықталады. Бұл жолы қосымшаны адал қолданғандардың ішінде фитнес клуб, жоғары оқу орны, кинотеатр, дәмхана мен мейрамхана бар.

«Солтүсікқазақстандықтар Ashyq бағдарламасына белсенді қатысып жатыр. Олар бұдан ұтпаса – ұтылмайды. Қызметкерлерінің, келушілердің денсаулығына келетін қатер азаяды. Ал егер кәсіпкерлер бұл жобаны адал қолданатын болса, яғни әр келушіні тіркеп отырса, оларға қосымша жеңілдіктер беріледі. Қазір өңір «қызыл» аймақта. Үздік атанғандар екі апта бойы «сары» аймақтың талабымен жұмыс істейді: жұмыс істеу уақытын және келушілер санын ұлғайта алады», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Марат Исқаков.

Мамандардың айтуынша, 29 шілдеден бастап Ashyq-қа қосылу талаптары жеңілдетілген.

«Енді кәсіпкерлерге QR кодты алу оңай. Аймақтық палаталардың қызметкерлері бұрынғыдай өтінішті тексермейді. Нәтижесінде кәсіпкерлер екі күнді үнемдейді. Тағы жеті күнді санитариялық нормаларға сәйкестік құжаттарын күтуге жоғалтпайды. Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы беретін бұл құжат жұмыс істеуге рұқсат береді, оны мониторингтік топтар рейд барысында тексереді, сол себепті кейін міндетті түрде алу қажет», - дейді СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры Әлібек Әшметов.

Ashyq жобасына қосылған кәсіпорын бір апта тест режимде жұмыс істейді. Кейін мәлімет жергілікті әкімдіктерге мемлекеттік органның сайтында жариялануы үшін беріледі.

СҚО-да қазір Ashyq жобасына 1 175 кәсіпорын қатысқан, оның 458-і тест режимде жұмысын бастады. Ал қосымшаға қосылғанымен, оған бейжай қараған 48 кәсіпорын екі аптаға уақытша шеттетілді.


Соңғы жаңалықтар