СҚО-да «ҚазСуШар» РМК филиалы директоры қызметкерлерінің сыйақысын алып келген

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Су ресурстары комитетінің өңірдегі ведомстволық ұйымдары ұжымдарымен жемқорлық мәселелері талқыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәліметінше, Агенттік пен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ортақ бұйрығы негізінде Су ресурстары комитетінің өңірдегі үш ведомстволық ұйым қызметінің жемқорлық қатерлеріне сыртқы талдау жасалып, бүгін қорытындысы талқыланды.

«Талдау барысында мемлекеттік қызмет көрсетуде әкімшілік кедергілердің барлығы, Су ресурстары комитеті мен негізгі кәсіпорындар тарапынан ведомстволық ұйымдардың жұмысына ішкі бақылаудың жоқтығы анықталды. Соның салдарынан бірқатар қаржылық заңбұзушылықтарға жол берілген», - деді СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жақин.

Мәселен, «Е-лицензиялау» порталының жұмысы жетілдірілмегендіктен қызмет алушы арнайы су пайдалануға рұқсат мерзімін ұзартуға құжатты электронды түрде бере алмайды, сол себепті Нұр-Сұлтан қаласына барып жүгінуге мәжбүр. Ал бұл, мамандардың пікірінше, шаруашылықтарға қосымша әкімшілік кедергілер туғызады.

Ал «ҚазСуШар» РМК СҚФ директорының ісі сотқа жетті. Оған филиал қызметкерлерінің атына жалған іссапарларды рәсімдеп, жолға берілетін қаржыны, мемлекеттік сатып алу бойынша атқарылатын жұмыстарға төленетін филиал ақшасын және қызметкерлерге сыйақыға бөлінген қаржыны қалтасына басты деген айып тағылды.

2016 жылы Комитеттің СҚО-дағы тағы бір ведомстволық ұйымы – «Есіл Су» филиалы директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол құбырларды заңсыз сатқаны үшін кінәлі деп танылды.

«Бұл деректердің барлығы жоғары тұрған органның салғырттығын, ішкі бақылаудың болмағанын көрсетеді», - деді Нұрлан Жақин.

Кездесу барысында ауыз суды субсидиялау мәселесі де көтерілді. Өйткені, талдау барысында таза судың бағасы аудандарда әртүрлі болып шыққан. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің «дилерлердің» жұмысына көңілі толмайды.

Жұмыс тобы анықталған олқылықтарға байланысты орталық және жергілікті деңгейлерде орындауға алты ұсыныс әзірледі.

Соңғы жаңалықтар