СҚО-да «ҚазСуШар» филиалының экс-директорына сот үкімі шықты

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорны филиалының экс-директоры Серікжан Жақаев төрт жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Су ресурстары комитетіне қарасты «ҚазСуШар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының СҚО филиалы директорына өзіне сеніп тапсырылған мүлікті иеленді, ысырап етті және алаяқтық жасады деген айып тағылған болатын.

СҚО соты баспасөз қызметінің мәліметінше, экс-директор Серікжан Жақаев басшылық еткен уақытта кәсіпорын қызметкерлерімен бірге жалған қызметтік іссапарларды ресімдеген. Алайда, іссапар шығындарын өз қалтасына басып отырған. Бұдан басқа, филиал қызметкерлеріне материалдық көмек, сыйақы тағайындап, ол қаражатты да өзі иеленіп келген. Осылайша, заңсыз әрекеттерімен мемлекетке 7 млн теңгеге жуық көлемде шығын әкелді. Бұдан өзге, «Приишим Агрофирма» ЖШС-ға 180 мың теңге залал келтірген. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары барысында Жақаев келтірген материалдық шығынды толық көлемде өтеді.

«ҚР ҚК-нің 189 бабы 3-бөлігінің 1, 2-тармақтары және 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағына сәйкес 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметте, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, сотта, ҚР Ұлттық банкі мен оның ведомстволарында, мемлекеттік ұйымдарда қызмет етуге өмір бойына тыйым салынады», - деді үкімді оқыған Петропавл қалалық сотының судьясы Михаил Гусев.

Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді.

Соңғы жаңалықтар