СҚО-да қазақи ауыл атаулары неліктен өзгертілген – архив директорының мәліметі

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында 661 елді мекен болса, соның тек 225-і ғана қазақша аталған. Ескірген, мән-мағынасы жоқ атауларды өзгерту бағытында өңірде ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр, тек соңғы үш жылда 400-ге жуық көше аты өзгерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыстық ономастика комиссияcының мүшесі, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры, тарихшы Сәуле Мәлікованың айтуынша, өңірде жер-су атауларын қайтаруға, тарихи әділеттілікті орнатуға қатысты жұмыстар жүріп жатыр. Осындайда архив құжаттары негізге алынады екен.

«Бұл – үлкен мәселе. Қазақи атау беру жөнінде алдымызға жоспар қоя отырып, мұның деректік, архивтік, ғылыми негіздерін іздейміз. Архив құжаттарын қопара отыра бұл елді мекендердің XIX ғасырда, XX ғасырдың басында атаулары қазақи болғанын көрдік. Ресейдің Омбы, Орынбор, Мәскеу, Санкт-Петербург архивтеріндегі деректер негіз бола алады. Сонымен бірге Ресей мемлекеті 1887 жылдан бастап 1916 жылға дейін Ақмола облысы бойынша «Памятная книжка» деген кітап шығарып отырған. Ол кітаптар бізде бар. Сонда біздегі елді мекендердің қазақи атаулары жазылған.

Атауларды өзгертуге себепкер болған бұл – Жерге орналастыру және егін шаруашылығының бас басқармасы шығарған 1901 жылғы басылым. Ол 1908 жылы Санкт-Петербургте қайта жарық көрген. Осында қазақи елді мекендердің атауларын көрсете отырып, кейін келімсектердің орналасуына байланысты ауыл-селолардың атауын өзгерткендігі жөнінде жазылған. Бұл еңбектер – елді мекен атауларын қайтадан қалпына келтірудің негізі болып саналады», - дейді Сәуле Мәлікова.

СҚО-да қазіргі уақытта 661 елді мекен бар. Соның тек 225-і ғана қазақ атауымен аталған. Өңірдегі 13 ауданның екеуі – Мамлют және Тимирязев аудандарынан басқасы қазақша. Бұл тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістігіміз. Десек те әлі атқаратын жұмыс көп. Мәселен Қызылжар ауданында 70 елді мекеннің төртеуі ғана қазақша аталған. Тайынша ауданында 85 ауыл болса, 16-сы ғана қазақи атауға ие. Айыртау ауданында 77 елді мекеннің 34-і ғана қазақша.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген еңбегінде бабаларымыздан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз, делінген. Қысқаша айтқанда, «ұлттық тарихымыздың терең тамыры көне заманымыздың өзегінде жатыр», дейді. Осы тарихымыздың бір бетін ашатын бұл елді мекендердің, жер-су және көше атаулары. Ол да тарихымыздан мәлімет беріп, болашақ ұрпақты осы нысандар арқылы тәрбиелейді», - дейді архив директоры.

Сәуле Мәлікованың айтуынша, қазақтың жер-су атауы географиялық орналасуына, бір оқиғаға байланысты немесе белгілі тұлғаның есімімен аталған. Сондықтан бұл атауларда тұнған сыр көп.

«Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылының тарихына тоқталар болсақ, ол керемет табиғатына байланысты осылайша Саумалкөл атанған. Ресейдің құжаттарында осы елді мекен туралы жазылады. 1861 жылы «крепостнойлық право» жойылғаннан кейін мұнда басқа ұлт өкілдері көшіп келген. Олар келе сала өз селосын «Кривозерное» деп атайды. Кейін кеңестер заманында бұл атауды да өзгертіп, белгілі революционер, бірақ, біздің өңірге еш қатысы жоқ Володаровтың есімін береді. Тәуелсіздік жылдары тарихи құжатарды негізге ала отырып, елді мекеннің әдемі – Саумалкөл атауын қайтардық», - дейді тарихшы.

Мұндай елді мекендер СҚО-да көп. Соның бірі – Тайынша ауданындағы Чкалов елді мекені. XIX ғасырдың картасын қарасақ, ол жерде Жанмырза, Алакөл деген атаулары болған екен.

«Өткен ғасырдың 30-шы жылдары өңірге көптеп, күштеп халықтар жер аударыла бастады. Алдымен кулактар, кейін поляктар келді. Сол кезде осы жердің атауы «Блюхерге» ауысқан екен.

1934 жылы атақты ұшқыш Чкаловтың есімі беріледі. Бұл елді мекеннің де ертедегі атауы болғанын дәлелдеп тұрмыз. Жақында оның атауында да өзгерістер болады ғой деген ойдамын.

Былтыр облыстық қазақ тілі қоғамының ұсынысымен біз елді мекендерге барып, тұрғындармен кездесіп, не себепті ескірген атауларды ауыстыру қажет екенін түсіндіріп айттық. Бір бөлігі біз келтірген уәжбен келісті, алайда, әлі де осы бағытта жұмыс жүргізу қажет», - дейді Сәуле Мәлікова.

Көше атауларын өзгертуге қатысты да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Архив директорының айтуынша, Петропавлда оған негіз болатын ресми құжаттар баршылық. Олардың барлығы ономастика комиссиясының қарауына алынып, жұмыс істелді.

Жалпы соңғы үш жылда СҚО-да: 2020 жылы – 129, 2021 жылы – 124, былтыр – 121 көше атауы өзгертілді. Сонымен қатар мектептерге, мәдениет ордаларына ұлы тұлғаларымыздың есімдері берілді.

«Ең алдымен Қызылжар атауына тоқталсақ, бұл елді мекеннің тарихы тереңде жатқаны, оның қазақтың жері екені, бекіністің тек 1752 жылы ғана салына бастағаны ресми тарихи құжаттармен дәлелденді. Өткен ғасырдың 20-30-шы жылдары, кейін 50-ші жылдары Сәбит Мұқанов өз еңбектерінде де айтып кеткен болатын. Ресейдің Омбы архивінде Қызылжар екенін дәлелдейтін және де осы жерге қоныстануға әскери органдардан сұраным салған қоныстанушылардың өтініштері бар құжаттарды алып отырмыз. Сонда осы жерді Қызылжар өңірі деп атаған екен.

1925 жылы кеңестер орнағаннан кейін бұл қаланы Петропавлдан Қызылжарға өзгерту жөнінде шешім қабылданып, бір жылдай қазақша аталғаны туралы біз бүгіндері айтып жүрміз, оған деректеріміз бар», - дейді Сәуле Мәлікова.

2020 жылы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архиві көшелердің ресми түрде бірінші аталуына 100 жыл толуына орай біз анықтамалық жасады.

«Бұл өте құнды құжат. «Қала көшелері, тарихи, мәдени, ақпараттық код» деп аталады. Осында 300-ден астам көшенің атауы, әр атауға түсініктеме берілген. Қай уақытта, кіммен қойылды, қандай өзгерістер енгізілді – барлық ақпарат жиналды.

Қазіргі уақытта осы Петропавлдың өзінде мән-мағынасы жоқ, Вагонная, Теплые кусты, Прохладная, Асфальтная сияқты немесе идеологиялық тұрғыда ескірген Красин, Дзержинский, Кармелюк сияқты атаулар жеткілікті», - дейді Сәуле Мәлікова.


Соңғы жаңалықтар