СҚО-да «Қазақ халқына мың алғыс» атты мерекелік іс-шара өтті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Қазақ халқына мың алғыс» атты мерекелік іс-шара өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО «Қоғамдық келісім» КММ мәліметінше, Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған іс-шара қазақ жерінде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің мәдениеті мен салт-дәстүрінен хабардар ететін көрмеден басталды. Этномәдени орталықтардың ұлттық костюм киген өкілдері көрермен назарына қолданбалы қолөнер бұйымдарын, тұрмыстық заттарды, зергерлік бұйымдары мен ұлттық тағамдарын ұсынды. Қонақтар татарлардың чак-чагынан, түріктердің пахлавасынан, азербайжандардың жингалынан, поляктардың фаворкиінен дәм татты. Көрме «Қазақ халқына мың алғыс!» деп аталған екен.


СҚО-да еліміздегі бірегей оқу ордасы - №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешені бар. Мұнда 22 ұлттық өкілі білім алады, олар өз тілін, мәдениет, салт-дәстүрін танып-білуге мүмкіндік алған. Мектеп оқушылары «АЛЖИР» театрландырылған көрінісін қойып, қазақ балаларының лагерьдегі әйелдерді құртпен қалай аштықтан аман алып қалғанын көрсетті.

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы бір шаңырақ астына 20-дан астам ұлттық-мәдени орталықты біріктірген. Аудандарда олардың саны 300-ге жуық. Бұл күні этномәдени бірлестіктердің өкілдері сахнаға шығып, қиын кезеңде құшақ жая қарсы алған, барымен бөлісіп, қонақжайлық танытқан қазақ халқына алғыстарын білдірді.


«1 наурыз – қазақстандықтар үшін ерекше мереке. Бұл күні Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Алғыс айту мерекесінің дәл осы күнге орайластырылудының бір себебі де осы», - деді СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Мұратбек Зейнуллин.

Іс-шарада қазақ халқының «Мүшел жас» дәстүрі көрсетілді. Мүшелден аман өткен, өмірінің жаңа кезеңіне аяқ басқан адам өзінің бір киімін ізін басып келе жатқанға сыйлап, оның да межеден сәтті өтуін тілейді. Осылайша ассамблея ардагерлері, яғни этномәдени орталықтардың төрағалары мен белсенділері – Роман Аракелов, Сағындық Салмұрзин, Диляра Хасанова, Зулейха Бикметова, Валерий Евдокименко, Мұратбек Зейнуллиндер ассамблеяның жастарына шапан мен қамзол сыйлап, ұрпақтар сабақтастығын көрсетті.

Мерекелік іс-шара Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің концертіне ұласты.



Соңғы жаңалықтар