СҚО-да қауіпті жол учаскелерінің картасы жасалды

Фото: None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының автожолдарында қауіпті 14 учаске бар. Оны полицейлер жасаған апаттық-қауіпті участкелердің картасынан көруге болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полицейлер апаттылықты бағалау және талдау нәтижелері бойынша автожолдардың 14 қауіпті учаскесі көрсетілген карта жасады.

Осылайша СҚО-да «Челябі-Новосібір» тасжолының 465-тен 655 км-ге дейінгі бөлігі өте қауіпті саналады. Мұнда жыл басынан 13 жол-көлік оқиғасы болып, 3 адам көз жұмды, 29 адам жарақат алды. Жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жылдамдық режимін асырудан, ара қашықтықтың сақталмауынан, жүргізушілердің шаршауы салдарынан болған.

Жергілікті полиция қызметі басқармасы басшылығының айтуынша, еңбек демалысы кезеңінің басталуына орай қала сыртындағы жолдарда көлік легі арта түскен. Адамдар отбасыларымен алыс жолға шығып, басқа қалаларға, мемлекеттерге барады. Кейбірі бірнеше көлік болып жиналып, сапар шегеді.

«Көлік тізгініне шаршап немесе ұйқы қанбаған күйде отыруға болмайды. Сондай-ақ жүргізушілер орнатылған жол белгілеріне назар аударуы, белгіленген жылдамдықты асырмауы және арақашықтықты сақтауы тиіс. Жарық шамдарының жұмысын қарап отыруды ұмытпаңыз. Тәуліктің қараңғы кезінде және жаңбыр жауғанда жол қозғалысының басқа қатысушыларына бірден көрінесіз. Жолға шығарда автокөліктің техникалық жағдайын тексеріп, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Қауіпсіздік белдігі мен арнайы балалар орындығын пайдалану керек», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.

Жыл басынан республикалық маңыздағы автожолдарда 39 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 11 адам қаза тапты, 83 адам түрлі жарақаттар алды.


Соңғы жаңалықтар