СҚО-да кәсіпкерлер мемлекеттік ұлттық табиғи паркін құруды ұсынды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкерлер Имантау-Шалқар курорттық аймағы негізінде өңірге қарайтын мемлекеттік ұлттық табиғи паркін құруды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, туристік саланы дамыту мәселелері облыстық кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі жанындағы туризм комитетінің отырысында талқыланды.

Имантау-Шалқар курорттық аймағы қазіргі уақытта «Көкшетау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі құрамына кіреді. Кәсіпкерлердің айтуынша, барлық салық көрші Ақмола облысына кетеді, бұл дұрыс емес.

«Имантау-Шалқар курорттық аймағы 2018 жылдан бастап туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына кірген. Сәйкесінше туризмді дамытудың топ-10 перспективалы аймағы болғанына қарамастан, іс жүзінде «Көкшетау» МҰТП Зерендіні дамытуға басымдық берген.

Біздің барлық салығымыз Ақмола облысына кетеді, ал бізде бірнеше жылдан бері шешілмей жатқан мәселе жетерлік. Соның бірі – жол. «Көкшетау» Зерендіден қалған инвестицияны ғана біздің курорттық аймаққа салатынын көріп отырмыз», - дейді Айыртау ауданының «Досуговый центр» ЖШС директоры Виктор Надьярный.

Ұлттық парктің мәліметінше, былтыр Шалқар-Имантау аймағына 42 мың турист келген, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 10 мыңға артық.

«Биыл Ақмола облысының шекарасынан Лобанов ауылына дейінгі 11 км жолды жөндеуге қаражат бөлінді. Қалғандары бойынша жобалық-сметалық құжат бар, Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім берілді, республикалық бюджеттік комиссияның отырысын күтеміз. Салық жайына келетін болсақ, ұлттық парк Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарына бөлінген. Қызылжар ауданындағы Согровский қорығы да Көкшетаудан 200 шақырым жерде жатқанымен осы ұлттық табиғи паркке қарайды. Ал жеке ұлттық парк құру мәселесі Экология министрлігінде шешілуі керек», - дейді СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдинов.

СҚО кәсіпкерлер палатасының жобаларды сүйемелдеу бөлімінің бастығы Аслан Нұрсейітов бұл мәселені республикалық деңгейде шешу үшін Атамекеннің орталық аппаратына жіберілетінін атап өтті.


Соңғы жаңалықтар