СҚО-да кәсіпкерлер бизнес-омбудсмен Болат Палымбетовпен кездесті

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов облыс басшылығымен кездесіп, кәсіпкерлерді жеке қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы үш жылда бизнес-омбудсмен мен оның аппаратына 17 мыңнан астам арыз-өтініш түскен. Барлығы бизнесті қорғауға қатысты. Оның 46% толықтай немесе жартылай шешілді. Кәсіпкерлердің 110,8 млрд теңгенің мүлкі қорғалды. Бизнесмендер көтеретін мәселелердің 17% жер қатынастарына, 9% салық бойынша, 7% мемлекеттік сатып алу бойынша болса, 8% құқық қорғау органдарының іс-әрекетіне қатысты.


СҚО кәсіпкерлерінен былтыр 191 өтініш түссе, соның 83-і оң шешілген.

«Бақылаушы органдардың шектен тыс талаптары кәсіпкерлердің «бас ауруына» айналған. Жыл сайын Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, кәсіпкерлік ортаны жақсарту бағытында кең ауқымды жұмыстар атқарылады. 2011 жылы 1115 лицензия мен рұқсат алу керек болса, қазір олардың саны 315. 72% қысқарта алдық. Мұндай оңтайландырудың нәтижесінде бизнес жыл сайынғы қаржылай шығындарын 1,5 млрд теңгеге азайтты», - дейді Қазақстан кәсіпкерлері құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов.

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге зор қолдау бар. Мемлекеттік сатып алулардың үштен бірі бүгінде электронды форматқа көшірілген.

«Былтыр СҚО-да шағын және орта бизнес нысандарын тексеру 30% дейін қысқартылды. Биыл тексерулер тағы 10% кемиді. Бұл жұмыстар өз нәтижесін беріп жатыр. Соңғы бизнесті жүргізу жеңілдігін айқындау рейтингінде СҚО 5-орынға тұрақтады. Ал Петропавл қаласы ел бойынша 196 елді мекеннің ішінде 6-орында тұр. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады», - деді СҚО әкімінің орынбасары Дәурен Жандарбек.


Соған қарамастан республика бойынша бизнесте жүйелі түрде кездесетін мәселелер баршылық. Олар бірыңғай реестрге енгізілген. Мұндағы 612 мәселенің 454-і бүгінде шешімін тапты, 46-сы шешілуге жақын. 112-сі мемлекеттік органдармен бірге талқыланып жатыр. Жүйелі мәселелердің шешімі жол карталарында да қаралған. Бүгінде бұл құжаттарға Бас прокуратура, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктері қол қойды. Кездесу қорытындысы бойынша екі тарап кәсіпкерлік қызметті қолдау жөніндегі жол картасын бекітіп, қол қойды.

«Жол картасында бизнес жүргізу үшін қажетті жер учаскелерін анықтап, оны аукционға қою, жер учаскелерінің мақсатты қолданылуын анықтайтын жұмыс тобын құру сияқты мәселелер енгізілді. Фермерлік шаруашылықтардың субсидия алуына қатысты және кәсіпкерлерді Мемлекеттік энергетикалық реестрге заңсыз енгізу мәселесі де осы жол картасы аясында қарастырылады», - деді СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жеңіс Қазиев.


Соңғы жаңалықтар