СҚО-да кәсіпкердің қоймасын өртеп, 738 млн теңге шығынға ұшыратқан күдікті екі айға қамалды

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында кәсіпкердің қоймасын тұқымдық бидайымен бірге өртеп жіберді деп ұсталған күдікті екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО облыстық сотының мәліметінше, 15 мамыр күні М. Жұмабаев аудандық соты тергеу судьясының қаулысымен осы ауданның Золотая Нива елді мекенінің тұрғыны Александр Кинцель екі айға қамауға алынды.

Оған А. Поздняковпен алдын ала келісім бойынша 5 және 10 мамыр күндері Золотая Нива ауылында орналасқан «Барс» шаруа-фермерлік қожалығының астық-қабылдау пунктіндегі қоймаларды тұқымдық бидайымен өртеп жіберді деген айып тағылды.

Келген шығын орасан – 738 млн 600 мың теңгеге бағаланды.

Александр Кинцель 1987 жылы туған, арнайы орта білімі бар, некеде тұрмаған.

Психиатриялық және наркологиялық диспансерлік есепте тұрмайды, мүгедектігі жоқ.

Тергеу судьясы өтінішхат материалдарын зерттеп, сот отырысына қатысушы адамдардың, прокурордың, жәбірленуші өкілдерінің, адвокаттың, қорғаушының, күдіктінің пікірлерін тыңдап, ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 136, 138, 147, 148 баптарын негізге алып, екі ай мерзімге қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді.

Жалпы қылмыстың бұл түріне бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұған дейін әлеуметтік желіде өртеніп жатқан қоймалардың бейнежазбасы жарияланған еді.


Соңғы жаңалықтар