СҚО-да кәсіпкер жұрттың пайын кепілге беріп, 600 млн теңгені қалтасына басқан

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында «Жарқын-СК» ЖШС басшысы сотталды. Ол ауыл тұрғындарының жер үлесін жалған құжат жасау арқылы банкке кепілге берген. 600 млн теңгені қалтасына басқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Петропавл қалалық сотының мәліметінше, бүгін сот «Жарқын-СК» ЖШС басшысы М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады. Оған бір топ адаммен алдын ала келісім бойынша аса ірі мөлшерде жұрттың дүниесін ұрлады деген айып тағылған еді.
Сотталушы М. Айыртау ауданында ауыл тұрғындары жер үлесін берген «Жарқын-СК» ЖШС басқарған. Ол алаяқтық жасау мақсатында ЖШС қатысушыларының ортақ жиналысының жалған хаттамасын жасап, сол арқылы 777 адамның жер үлесін банкке кепілге қойған.
2017 жылдың маусымында қайтармайтынын біле тұра 600 млн теңге несие алып, оны керек-жарағына жаратқан. Ал қылмысын жасыру үшін үш жылдан кейін «Жарқын-СК» ЖШС басқа біреулердің атына ресімдеген.
Прокурор сотталушыға 9 жыл жаза кесуді сұрады.
М. өз кінәсін мойындамады, керісінше, өзін ақтауды сұрады. Оның кінәсі толық дәлелденді.
Нәтижесінде Петропавл қалалық соты М.-ны 6 жы 8 айға бас бостандығынан айырды. Сотталушы жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Сондай-ақ, 10 жылға дейін басқарушылық және материалдық жауапкершілігі бар лауазымдарды қаржылық, коммерциялық ұйымдарда атқара алмайды.


Соңғы жаңалықтар