СҚО-да кәсіпкер алаяқтың қармағына ілініп, 6 млн теңгесінен айырылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында зығыр сатып алмақ болған кәсіпкер алаяқтың құрбанына айналып, 6 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен де, оны қармағына іліктірген алаяқ та Ақмола облысының тұрғындары.

Қараша айында ақмолалық кәсіпкер зығыр сатып алатыны жайлы хабарландыру береді. Оған «сатушы» хабарласып, өнімнің сапасына зертхана арқылы көзін жеткізсін деп зығырдың үлгісін жібереді. Тауар ұнап, кәсіпкер алатын болып, келісім бойынша СҚО Есіл ауданындағы шаруашылықтардың біріне келеді. Сол жерде ауылшаруашылық құрылымының жанында зығыр тиеуге келген «КамАЗ» автомашиналарын көрген ер адам, «сатушының» қолына 6 млн теңгесін ұстатқан. Ал алаяқ ақша қолына тиісімен шаруашылық басшысынан өнімді артуға келісуге кеттім деп, сол бойы қарасын батырған.

Серіктестікте зығыр «сатқан» адамды ешкім білмейтін болып шықты. Сан соғып қалған кәсіпкер аудандық полиция бөліміне жүгінді.

Аталған факті «Алаяқтық» бабы бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары бір айға созылды.

«Қылмыс жан-жақты алдын ала дайындалған. Күдікті, Көкшетау қаласының 32 жастағы тұрғыны былтыр ғана түрмеден босап шыққан, ол алаяқтық жасағаны үшін сотталған. Алаяқтың тәртіп сақшыларына ұсталмай, біраз жүріп қалуына криминалдық тәжірибесі септігін тигізген. Дегенмен, қызметтік іссапар барысында жедел уәкілдер оның Нұр-Сұлтан қаласында жүргенін анықтады», - дейді Есіл ауданының полиция бөлімінің бастығы Ерлік Есләмбеков.

Тәртіп сақшыларының айтуынша, күдіктіні ұстауға астаналық полицейлер көмектесті. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторында отыр. Ер адамның СҚО аумағында жасалған тағы екі алаяқтыққа қатыстылығы анықталды. Тергеу аяқталған жоқ.


Соңғы жаңалықтар