СҚО-да қару-жарақпен, қомақты сомамен ұсталғандар жоқ - комендант

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында осы күндері қару-жарақпен, қомақты ақшамен ұсталғандар болмаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО коменданты Марат Төлебаевтың айтуынша, облыста көліктерінде қару-жарақ, ақша тасымалдағандар болмаған. Тек Айыртау ауданында бита салынған көлік анықталды. Бұл факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тиісті сараптама белгіленді.

«5 қаңтар күні митингіге шыққан 121 адам ұсталды. Олардың барлығының аты-жөні анықталды. Барлығы осы өңірдікі, негізінен 20-30 жас аралығындағы жігіттер. Шал ақын, Есіл, Қызылжар ауданының тұрғындары.

Кейінгі күндері де Петропавлда митинг өткізбекші болғандар табылды. Біз оларды Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірге алдын ала анықтап, жол бермедік. Бұл адамдар жауапкершілікке тартылды», - дейді Марат Төлебаев.

Осы күндері белсенділік танытып, басқаларды митингке шығуға үгіттегендер қазір қамауда отыр.

«Заңды бұзған бұл адамдар 15 тәулікке қамалды. Екі адам 30 тәулікке отырғызылды. Олармен жедел түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұдан басқа жалға берілетін пәтерлер өте көп. Біз оларды бақылауда ұстаймыз. Облысқа келушілердің тізімі де бізде бар, біз оларды тексереміз. Олар бізге келмес бұрын бірнеше сүзгіден өтеді деп айтуға болады, Мәселен, Ақмола, Қостанай, Павлодар облыстарында бірнеше блокпосттар орнатылған. Петропавлға кіреберісте тағы 5 блокпост тұр. Ол жерде тағы бір мәрте тексеріледі. Дәл осылайша теміржолмен және әуе арқылы келетіндер де тексерістен өтеді», - дейді СҚО-ның коменданты.


Соңғы жаңалықтар