СҚО-да қараусыз жүрген жүзден астам жылқының иесі іздестіріліп жатыр

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер бағусыз жүрген 100-ден астам жылқының иесін іздестіріп жатыр. Тәртіп сақшылары мал қожайынына айыппұл салмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданында полицейлер қараусыз жүрген 100 бастан асатын үйір-үйір жылқыны анықтады. Олардың иесін іздеп-табу бойынша шаралар қолға алынды. Малдың қожайыны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 408-бабы бойынша жауапқа тартылатын болады.

Тәртіп сақшылары малдың еркін жайылуы мал ұрлығына жағдай жасайтыны туралы, қаңғып жүрген мал жолға шығып, жол-көлік оқиғасына себепкер болуы мүмкін екендігін еске салды.

«Облыста мал ұрлығының төмендегені байқалады. Жыл басынан осындай 21 қылмыс тіркелген, өткен жылдың ұқсас кезеңінде 31-і анықталды. Осындай қылмыстардың ауыр түрі айтарлықтай төмендеді, өткен жылы 23 болса, биыл 9 факті тіркеліп отыр. Түлікті еркін жаю қағидалары енгізілмей тұрып, облыста мал ұрлығы бірнеше есеге көп болатын. Мал иелері мен бақташылардың жауапкершілігін арттыру – мал ұрлығының алдын алуда нәтиже беріп жатыр», - дейді СҚО Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы Марат Жұмалиев.

Аудандарда полиция бөлімінің қызметкерлері малдың қараусыз жүру фактілерін анықтау мақсатында жұмыс істеп жатыр. Халыққа заңнама талаптары, малды ұйымдасқан түрде жаю мақсатында жасалатын үш жақты шарттардың басымдылығы түсіндіріледі.

Жыл басынан малды қараусыз жібергені үшін 4030 адам жауапкершілікке тартылды. Арнайы ұстау орындарына қаңғып жүрген 11 мыңнан астам мал орналастырылды.


Соңғы жаңалықтар