СҚО-да қарашада 25 градусқа дейін аяз болуы мүмкін

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында синоптиктер алдағы бес айға ауа райының болжамын жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары Наталья Левинаның айтуынша, биылғы қыс климаттық нормаға сәйкес болмақ. Мәселен қараша айында ауаның орташа температурасы -6-8 градус шамасында күтілуде. Алғашқы онкүндік жылы болмақ, түнде +2-ден -13 градусқа дейін түссе, күндіз +2 мен +10 аралығында болмақ. Екінші онкүндікте күн суытып, түнде -25, күндіз -13 градусқа дейін сынап бағанасы төмендейді. Үшінші онкүндікте аяздың беті қайтып, өңірдің шығысында ауа температурасы +3 градусқа дейін жылынуы мүмкін. Жауын-шашын айдың басы мен ортасында жауып, қарашаның соңына дейін тұман мен көктайғақ болады деп күтілуде.

«Желтоқсан айында боранды күндер көп болады. Орташа ауа температурасы -12-14 шамасында, бұл – нормаға сәйкес. Алғашқы онкүндік айтарлықтай жылы, күндіз – 0 мен -5 градус аралығында болса, екінші онкүндікте -15-ке дейін суытады. Түнде сынап бағанасы -25 градусқа дейін төмендемек. Ал үшінші онкүндікте күндіз -20-25 градус, түнде -35 градусқа дейін аяз болады», - дейді Наталья Левина.

Солтүстік өңірде қаңтар – қыстың қаһарына мінетін уақыты. Синоптиктің айтуынша, биыл да қаңтар айы аязды болмақшы.

«Ауа райына Моңғол (Сібір) антициклоны әсер етеді. Түнде сынап бағанасы -35-40 градусқа дейін төмендейді. Айдың орташа ауа температурасы нормаға сәйкес -17-20 градус шамасында болады. Жауын-шашында әдеттегідей – 14-23 мм жауады. Антициклонның салдарынан қалың қар жауып, боран тұрады. Ақпан айы қаңтарға ұқсас. Ауа температурасы орташа 14-16 градус шамасында болмақ», - дейді Наталья Левина.

Наурыз – көктем айы болғанымен, Солтүстік Қазақстанда әлі де қыс жалғасады.

«Болжам бойынша жылдағыдан -1,-2 градусқа суық болады, норма -7 мен -9 аралығында. Ауа райы құбылмалы. Кей жерлерде мөлшерден артық қар жауады. Екінші онкүндікте де боран тұрады. Ай бойы көктайғақ болып, қар аралас жаңбыр жауады», - дейді «Қазгидромет» РМК Солтүстік Қазақстан филиалы директорының орынбасары Наталья Левина.


Соңғы жаңалықтар