СҚО-да карантин талаптарын бұзғандар анықталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантин уақытында жұмысын тоқтатуы тиіс нысандар жұмыс істеп тұрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 10 күннің ішінде карантин талабын бұзудың 186 дерегі анықталды. Облыста шектеу шаралары енгізілгеннен бері мониторинг топтары құрылып, жұмыс істеуде. Олардың негізгі міндеті – санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қамтамасыз ету.

Полицейлер, прокуратура, төтенше жағдай қызметкерлері, санитариялық дәрігерлер өңір тұрғындарын белгіленген шектеулер мен тыйымдарды қатаң ұстануға шақырады. Тәртіп сақшылары көп жағдайда түсіндіру жұмысын азаматтардың санасына және әлеуметтік жауапкершілігіне сенім арта жүргізеді. Ал талаптар өрескел бұзылған жағдайда әкімшілік ықпал ету шаралары қолданылады.

Карантин талабын сақтамайтындардың басым бөлігі облыс орталығында анықталды. Бұл тізімде Аққайың, Тимирязев, Қызылжар және Есіл аудандары да бар. Мұнда жұмысын тоқтатуға міндетті нысандар – демалыс орындары, жекеменшік моншалар жұмыс істеген. Сатушылар арасында маска тағып, қолғап кимейтіндер анықталды.

«Алдағы демалыс күндері облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысына сәйкес қосымша шектеу шаралары енгізіледі. Жүріп-тұруды шектеу қажет, азық-түлік сататындарынан басқа барлық сауда орындары жабық болады. Құрбан айтты мерекелеу күндері үйде көп адамның жиналуына тыйым салынған. Барлық белгіленген нормаларды сақтау қажет»,- дейді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.


Соңғы жаңалықтар