СҚО-да карантин талабын бұзғандарға 87,7 млн теңге айыппұл салынды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантин басталғалы тиісті талапты орындамағандарға 87,7 млн теңгенің айыппұлы салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде карантин басталғалы әкімшілік құқықбұзушылық туралы 1566 хаттама толтырылды. Оның басым бөлігі – 1441-і жеке тұлғаларға қатысты. Бұдан басқа 123 кәсіпкерлік субъектісіне және 2 лауазымды тұлға жауапқа тартылды. Жалпы салынған айыппұлдың мөлшері – 87,7 млн теңге.

«Санитариялық дәрігерлер қазір тексеріске шықпайды. Құрамында тәртіп сақшылары мен прокуратура өкілдері бар мониторингтік топтар жұмысын тоқтатқан жоқ. Олар қоғамдық орындарды, дүкендер мен сауда нысандарын, жалпы адам көп шоғырланған жерлерді назарға алған. Айыппұл негізінен маска тақпағандарға, қолғап кимегендерге салынады», - дейді баспасөз қызметінің мамандары.

СҚО коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл аймаққа» кірген. Республика бойынша қазір Павлодар облысынан кейін екінші тұр. Өткен тәулікте өңірде ПТР әдісімен 1208 зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде КВИ жұқтырудың жаңа 75 жағдайы тіркелді. Оның 46-сы Петропавлда анықталған.

Бүгінде облыста қауіпті инфекцияны жұқтырғандар саны 7089-ға жетті.


Соңғы жаңалықтар