СҚО-да карантин талабын бұзған демалыс орны 230 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында карантиндік шектеулердің күшейтілгеніне қарамастан сенбі-жексенбі күні жұмыс істеген демалыс орны енді 650 мың теңгеге жуық айыппұл төлейді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, өңір полицейлері шектеулер күшейтілген үш күннің ішінде карантин талабын бұзуға қатысты 74 материал толтырды. Бұл күндері облыста арнайы құрылған жұмыс топтары кезекшілік атқарды. Олардың құрамына полиция қызметкерлерінен басқа прокуратура, төтенше жағдай департаменті, жергілікті атқарушы билік өкілдері кірді.

Тексеріс барысында Қызылжар ауданындағы демалыс орындарының бірінде карантин талабын бұзу дерегі тіркелді. Кәсіпкер тыйым салынғанына қарамастан қалалықтарға екі үйді жалға берген.

Екі жекеменшік моншаның иесі де карантиндік шектеулерге қарамастан нысандарды жалға берген. Қала тұрғынына да әкімшілік іс жиналды.

Жалпы, соңғы бір аптаның ішінде учаскелік инспекторлар карантин талабын сақтамағандарға қатысты 150-ден астам іс қозғады.

Ауырғанына қарамастан өзін-өзі оқшауламағандарға, маска тағу режимін сақтамағандарға, қажеттілік болмаса да көшеге шығып, бейсауат жүргендерге әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Кей дүкендерде сатушылар маскасыз және қолғапсыз болған. Сондай-ақ санитарлық нормаларды сақтамаған такси жүргізушілері де енді жауап береді.

Карантин талаптарын сақтамағандардың ішінде кәсіпкерлер де бар. Азық-түлік емес тауар сататын сауда орындарын жаппай, жұмыс істегені үшін әкімшілік іс жиналып, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жіберілді.

«Барлық жиналған іс бойынша шешімді сот шығарады. Қазір біз облыстың Бас санитарлық дәрігерінің Қаулысы орындалуы үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Осындай уақытта тұрғындар талаптарды бұзбай, қолдаса, халықтың денсаулығы мен өмірін сақтауда көрсеткен үлкен көмегі болар еді», - дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Григорий Тыш.


Соңғы жаңалықтар