СҚО-да карантин шектеулері жеңілдетілді

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында бас мемлекеттік санитар дәрігердің жаңа қаулысы шығып, карантин шектеулері жеңілдетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО бас мемлекеттік санитар дәрігер Әсет Жұматаевтың жаңа қаулысына сәйкес, енді мешіттерде бес мезгіл намаз оқуға рұқсат бар. Алайда сыйымдылығын 30 %-дан, келушілер санын 100-ден асырмаулары қажет. Ал жұма намазын тек ауылдық жерлерде ғана, адам санын 30-дан асырмай өткізуге болады.

Мәдени нысандардың жұмысына рұқсат берілді, алайда топтағы адам саны 50-ден аспауы қажет. Кітапхана, музейлер ашылады.

Сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері сағат 10.00-ден 24.00-ге дейін жұмыс істейді.

Түрлі базарлар жексенбіден басқа күндері сағат 9.00-ден 20.00-ге дейін ашылады. Бірақ сауда орындары келушілер санын 30 %-дан асырмай, 4 шаршы метрде 1 адамның болуын қадағалауы қажет.

Балаларға арналған түрлі орталықтардың, кабинеттердің жұмысы жанданады.

Бассейндерде жеке адаммен жұмыс істеуге рұқсат берілді.

Қоғамдық моншалар, сауналар сағат 9.00-ден 24.00-ге дейін адам санын 50-ден асырмай, 4 шаршы метрде 1 адамның болуын қадағалай отырып жұмыс істейді.

Қоғамдық тамақтану орындарына сағат 7.00-ден 24.00-ге дейін санитарлық талаптарды сақтай отырып, яғни келушілердің санын асырмай жұмыс істеуге рұқсат берілді. Ұжымдық, көңіл көтеру іс-шараларын өткізуге әлі де тыйым бар.

Театрлар сағат 9.00-ден 24.00-ге ашылады. Алайда келушілер санын 30%-дан асырмаулары қажет. Көрермендерін шахматтық тәртіппен отырғызуға міндетті.

СҚО-ның бас санитар дәрігерінің жаңа қаулысы 28 ақпан сағат 00.00-ден күшіне енеді.


Соңғы жаңалықтар