СҚО-да қарағай орманының маңына стационарлық бекеттер қойылды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында Жаңа жыл мейрамы қарсаңында орманшылар күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, қарағай ормандарын күзетке алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-да қарағай-шыршаны браконьерлерден қорғау үшін ормандардың маңына 24 стационарлық бекет қойылды.

Бұдан басқа 101 мобильді топ үнемі рейдке шығып тұрады. Былтыр осындай заңсыз ағаш кесудің алдын алу іс-шаралары өз нәтижесін берді.

Өңірде желтоқсан айында қарағай-шыршаны рұқсатыз кесуге қатысты бір де бір дерек тіркелмеді.

Теплов орман шаруашылығында 18 мың гектар алқапқа ағаш өскен. Оның 2,5 мыңы - қарағай, шыршалар. Мұндағы орманшылар 1 желтоқсаннан бастап күшейтілген жұмыс режиміне көшті.

Браконьерлерді қызықтыруы мүмкін ормандардың маңына стационарлық бекеттер қойылды. Мамандар мұнда тәулік бойы кезекшілік етеді. Бұдан басқа 3 мобильді бригада жұмыс істейді.

«Облыста биыл да қылқан жапырақтылар негізінен мәдени іс-шараларды өткізуге беріледі. Комитет 142 қарағай-шыршаны кесуге рұқсат берді. Бұған қоса, «Кондратов тәлімбағы» 1 мың шыршаны сатуға шығармақ. Ал орман шаруашылықтарына қылқан жапырақтылардың бұтақтарын және ыдыстарда өскен шыршаларды сатуға рұқсат берілді», - дейді СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Қайролла Байтеңізов.

Ағашты заңсыз кескендерге әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік бар. Жеке тұлғаларға 20 АЕК мөлшерінде, ал кәсіпкерлік субъектілеріне 200 АЕК дейін айыппұл қарастырылған.

Келген шығын 100 АЕК мөлшерінен асқан жағдайда қылмыстық іс қозғалып, сотқа жіберіледі.


Соңғы жаңалықтар