СҚО-да қар жамылғысындағы су қоры өлшенді, ылғал мөлшері әдеттегіден 15 % жоғары

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында көктемгі су тасқынын болжау мақсатында қар жамылғысындағы ылғал мөлшері өлшеніп жатыр. Көрсеткіш көпжылдық орташа мәннен 15 % жоғары, кей ауданда тіпті екі есе көп, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазгидромет» РМК арасындағы көктемгі су тасқынын болжау кезінде жұмыстардың өзара іс-қимылы туралы бірлескен бұйрығына сәйкес жұмыстар басталды. 23-26 қаңтар аралығында СҚО-дағы өзен бассейндерінің маңында, жыраларда қарда жиналған су қоры анықталып жатыр.

Мұндай зерттеулер бүгінге дейін Есіл және Ғ. Мүсірепов атындағы аудандарда жүргізілді. Есіл ауданындағы жыралар мен арқалықтардағы қар жамылғысындағы су қоры 48,4 мм-ге жетеді. Ал, Ғ.Мүсірепов атындағы ауданда ылғал мөлшері 187 мм, бұл өткен жылдың кей жерлерімен салыстырғанда 47 % артық.

Синоптиктердің айтуынша, 20 қаңтардағы жағдай бойынша СҚО Есіл өзені бассейніндегі жазық аумақтағы қар жамылғысының ылғал қоры көрсеткіштері орташа көпжылдық мәннен 15 % жоғары.

Қардағы су қорын және күздегі жауын-шашынның топырақтағы мөлшерін талдай отырып, су басу қаупі бар аймақтарға алдын-ала бағалау жүргізілді. Мамандардың пікірінше, биыл СҚО-да көктемде су тасқыны болуы мүмкін, өңір тәуекел санатына енген.


Фото: «Қазгидромет» РМК облыстық филиалы
Соңғы жаңалықтар