СҚО-да қар қалың болғандықтан жабайы аңдар қолдан азықтандырылып жатыр

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Жабайы аңдар аштан қырылмау үшін Солтүстік Қазақстан облысының қорықшылары оларды қолдан азықтандыруға көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Солтүстік өңірлердегі ұзақ, әрі аязды қыста жабайы аңдарға азық табу қиын. Биыл бұрынғыдан қар қалың түсті. Омбы қармен жүріп шаршайтын аңдар азықсыз қалуы мүмкін. Қорықтағы жануарларды көктемге аман жеткізу үшін қорықшылар оларға көмекке келді. Есіл ауданындағы «Красный бор» жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту мемлекеттік мекемесі аумағы 60 мың гектардан астам жерді бақылайды. Бұл қорықта жабайы жануарлардың он шақты түрі мекендейді. Мекеме қызметкерлері аңдарға арнап арнайы азықтандыру алаңдарын әзірлеген.

«Маралдың ғана саны біздің мекеме аумағында мыңға жетті. Олар аштан өлмеуі үшін осы кезде біз қолдан қоректендіруді бастаймыз. Қалың қардың астынан азық табу оңай емес. Ол үшін орман ішіне 13 астау қойдық, 5 азықтандыратын алаңымыз бар», - дейді мекеменің аға қорықшысы Виктор Кротенко.

Қорық аумағында жабайы аңдардың 10-ға жуық түрі мекен етеді. Маралдардан басқа, елік, доңыз, бұғы, қоян, түлкі кездеседі. Оларға қысқа қажетті жемазық пен қайың сыпырғыштарын орман мекемелерінің қорықшылары жаз бойы әзірлейді. Бұдан басқа жем-шөп те көптеп дайындалады.

«Қар жамылғысы өте қалың болған кезде қосымша азық беру қажет. Жануарлардың азыққа емiн-еркiн жетуi үшiн жолдарды қардан аршимыз. Былтыр жазда 35 мың сыпырғыш, жеткілікті мөлшерде шөп пен тұз әзірледік», - дейді СҚО Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Ерлан Тәшімов.

Әдетте аңдар қар кеткенше дейін қолдан азықтандырылады екен.

Соңғы жаңалықтар