СҚО-да қант 80 %-ға қымбаттады

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында биылғы шілде айында қант өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 80 пайызға қымбаттаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жазда қант бағасы едәуір қымбаттады. Петропавл тұрғындары оның бағасы 800-900 теңгеге дейін жеткенін бірнеше рет айтып шағымданған. Облыс әкімдігі тәтті өнімнің бағасы 500 теңгеден аспайтынын мәлімдеді. Халық оны бірден әлеуметтік баға деп атады. Қазір халықтың дүрлігуі аздап басылды, алайда тек коммерциялық бағадағы қантты ғана шектеусіз мөлшерде сатып алуға болады.

Ұлттық статистика бюросы департаментінің ақпараты бойынша, бір жыл ішінде өңірде қант қана қымбаттамаған. Ұн бағасы 40%-дан астам өсті. Жарма, тоқаш және кондитерлік өнімдер, макарон, жемістер үштен бірге қымбаттаған. Сүт өнімдерінің бағасы 20%-ға, көкөністер 24%-ға өскен. Жалпы азық-түлік тауарлары тобы бойынша бағаның өсуі 20%-ды құрады.

Азық-түлік емес тауарлардың бағасы 14%-ға, ақылы қызметтер 8%-ға артқан. Жуу және тазалау құралдары, құрылыс материалдары, киім-кешек пен аяқ киім, фармацевтикалық өнімдер, тұрмыстық техникалардың барлығы қымбаттаған. Мейрамхана мен сұлулық салонының қызметтері орташа есеппен 20%-ға өскен. Жалдамалы баспана 16 пайызға қымбаттаған.


Соңғы жаңалықтар