СҚО-да қандай әлеуметтік жобалар қолға алынбақ

Фото:
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында алдағы жылы ірі пилоттық жоба аяқталып, медицина, спорт, білім беру салаларында бірнеше жаңа жоба қолға алынбақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірде алдағы жылы іске қосылатын ірі жоба – кәріздік тазарту стансасы. Нысанның құрылысы 2018 жылы басталды. Жабық типті кәріздік тазарту нысаны Қазақстанда қолға алынған пилоттық жоба. Оның қорытындысы бойынша алдағы уақытта еліміздің басқа қалаларында осындай стансалар салынатын болады.

Сарқынды су кәріздік тазарту стансасында төрт сатылық тазартудан өтіп, Есіл өзеніне құйылады. Жабық болғандықтан нысан қыста да жұмыс істейді. Құрылыс аяқталғаннан кейін оның пайдасын 10 мыңнан астам адам көрмек.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» жобасы аясында келер жылдан бастап СҚО-да 4 мектептің құрылысы басталады. Оның біреуі – 1200 орындық мектеп «Копай» шағын ауданында, 900 орындық Жас Өркенде, 600 орындық білім ордалары Орман мен Береке шағын аудандарында салынады.

Мектептер жаңа талаптар бойынша бой көтереді. Яғни бір нысанда бірнеше спорт залы және үлкен асхана болады.

Медицина саласына келер болсақ, Уәлиханов ауданының орталығы Кішкенекөлде жаңа емхананың құрылысы басталады.

Пилоттық жобаны жүзеге асыру мақсатында Айыртау ауданының Лобаново елді мекенінде дәрігерлік амбулаторияның құрылысы жүріп жатыр. 2023 жылы осындай 4 емдеу мекемесінің, 2 фельдшерлік-акушерлік пункттің және бір медициналық пунктің құрылысы жоспарланған.

Ірі жобалардың бірі Петропавл қаласында қолға алынады. Ол ауданы 33 мың шаршы метр болатын Спорт сарайы. Осы мақсатқа 8,3 га жер бөлінген. Бүгінде жобасы дайын.

Спорт сарайында 17 зал болады. Ал негізгі залда 3124 адам сиятын трибуна орналаспақ. Ол жерде халықаралық, республикалық спорттық іс-шараларды ғана емес, концерттер мен түрлі ойын-сауық кештерін де ұйымдастыруға мүмкіндік туады.

Жоба жүзеге асқан жағдайда тұрақты 200 жұмыс орны ашылады.


Соңғы жаңалықтар