СҚО-да қамыс өртеніп, айып тұрағындағы 6 көлік жанып кетті

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Дала өрттерінің басым бөлігі төтенше жағдай бөлімшелері жоқ шалғай аумақтарда туындайды. Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері 42 орман өрті тіркелді. Өртенген аумақтың жалпы көлемі 668 гектарды құрады, елді мекендердегі құрғақ шөп өрті тұрғын үй алаптарына да жайылды, бұл жағдай ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. 12 сәуір күні Петропавл қаласының маңында құрғақ шөп жанып, салдарынан 200-ден астам саяжай құрылысына зақым келді. Өрт сөндірушілердің жедел әрекетінің арқасында ғана қайғылы жағдай болған жоқ. Ал 14 сәуірде Солтүстік Қазақстан облысында қамыс өртеніп, айып тұрағындағы 6 автокөлік жанып кетті, тағы 4 көлікке зақым келген», - деді Нұрболат Дербісов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, 15 сәуірде Павлодар облысында саяжай аумағында өрт салдарынан бір адам қаза тапты, 300-ден астам саяжай учаскесі зақымдалды. Нұрболат Дербісовтың айтуынша, дала орманы және өрттерінің көп бөлігі 100 км радиуста ТЖ бөлімшелері жоқ шалғай аумақтарда туындайды.

«2021 жылы еріктілер мемлекеттік өртке қарсы қызметтің күш-құралдарынсыз дала өрттерінің 25%-ын өз бетінше тоқтатқан. Сонымен қатар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола облыстарында ерікті құрылымдар барлық табиғи өрттердің жартысынан көбін сөндірді», - дейді Н. Дербісов.


Соңғы жаңалықтар