СҚО-да қабан мен елікті заңсыз атып алған ауыл тұрғыны ұсталды

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысында заңсыз аң аулап, қабан мен елікті атып алған ауыл тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 28 тамыз күні заңсыз аң аулау дерегін Есіл ауданының учаскелік полиция инспекторы ашты.

Түнде аудан орталығы Явленкаға кіре берісте полиция капитаны Данияр Шабаров тоғай жақтан шығып келе жатқан «ВАЗ» автокөлігін байқайды.

Машинаны тексеру барысында тәртіп сақшысы оның жүксалғышынан түз жануарларының етін көреді. Бірден кезекші бөлімге хабарлайды.

Көлікте болған 33 және 19 жастағы екі жергілікті тұрғын оқиға орнына келген жедел-тергеу тобына заңсыз аң аулағандарын айтып, мойындады.

Қай жерде аңдарды атып алғандарын көрсетті. Ол кезде облыста әлі аң аулау маусымы ашылмаған еді, яғни ер адамдардың қолында рұқсат құжаттар болмаған.

Бұл дерек «Заңсыз аң аулау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Қазіргі уақытта тиісті сараптама тағайындалды, шығын көлемі есептеліп жатыр.

«Бұл биылдыққа СҚО-да заңсыз аң аулауға қатысты тіркелген бесінші жағдай. Жалпы рейдтер барысында жануарлар және өсімдіктер әлемін пайдалану заңнамасын бұзуға қатысты 659 дерек тіркелді. Оның 396-сы аң аулау, 256-сы балық аулау тәртібін бұзуға қатысты және екеуі заңсың отын дайындау бойынша», - дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полициясы тобының аға инспекторы Асхат Қожабаев.

Полицейлердің айтуынша, СҚО-да күзгі аң аулау маусымы басталды.

Қазіргі уақытта дала құстарын атуға рұқсат бар. Сондай-ақ, борсық, қабан мен маралды аулауға болады.

Ал сібір елігіне аңшылық 20 қыркүйек, ондатрға 1 қазан, түлкі, қоян, қарсақ және жанат тәрізді итке 1 қараша ашылады.


Соңғы жаңалықтар